Шығыс Қазақстандағы Тарбағатай ауданының тұрғыны Болат Тағабай халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесіне алып асық тарту етті. Туынды үшін 50 мың асық қолданған шебер осы арқылы «Асығың алшысынан түссін» деген тілегін арнап отыр. Көпшілікті тәнті еткен алып асық осы. Оны қалап шығуға 50 мың асық жұмсалған. Автордың ерекше туындысын тамашалаушылар саны күн санап артып келеді. Қанат Қалиханов та бес жасар қызы Асылымға ұлттық ойынның тағылымын түсіндіруге келіпті.
Қанат Қалиханов, Көктүбек ауылының тұрғыны: -Осы асыққа бүгін баламмен, жанұямызбен көруге келіп отырмыз. Болашаққа ұрпаққа тәрбиелік мәні зор. «Асығың алшысынан шықсын» деп қазақ атам айтады. Алып асықтың авторы – тарбағатайлық Болат Тағабай. Есімі әлемдік Гиннестің рекордтар кітабына енген коллекционер халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесіне арнайы тарту жасағысы келеді. Ол бұл жұмысқа 6 айын арнапты. Алып асықтың ұзындығы 4, ал биіктігі 3 метрге дейін жетеді.
Болат Тағабай, шебер: -Асықтың маңызы зор. Қазақтар бір-біріне тілеу тілегенде «Асығың алшысынан түссін» дейміз. Сондықтан алшысынан түсіп тұрған асық қойдық, еліміздің әлемге танылып жатқаны, бүкіл қазақтың асығы алшысынан түссін деген мағынада жасалған жұмыс. 16 жылдан бері асық жинауды ермек еткен шебер 4 жастағы ұлы Жомартты да ата дәстүрін ұлықтауға баулып келеді.
Жомарт Болатұлы, шебердің ұлы: -Біз әкем екеуміз үлкен асық жасадық. Енді оны Назарбаев атама апарамыз. Болат Тағабай ұлттық құндылықтарымызды насихаттауды азаматтық парызы санайды.
Дерек көзі:24.kz