25.06.2017 в 16:17

Елордада өтіп жатқан ЭКСПО көрмесі аумағында Монако Княздігінің ұлттық павильоны ашылды

Елордадағы  ЭКСПО көрмесі аумағында Монако Княздігінің ұлттық павильонының ашылуы өтті. Оған Монако Князі Альбер ІІ мен Қазақстан Парламент Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты. Алдымен әдеттегідей қос мемлекеттің әнұраны шырқалып, туы көкке көтерілді. Қазақстан Монакомен достық қарым-қатынасты берік ұстанады.

«Княздық мемлекет – көптеген мәселелер тұрғысында бізбен сенімді серіктес», – деп атап өтті Сенат төрағасы Қасым-Жомарт, Тоқаев ҚР Парламенті Сенатының төрағасы: -Ғаламдық маңызы зор мәселелерге тоқталған тұста біздің ұстанымымыз бірдей, ойымыз ортақ. Сондықтан да,Князь Альбер Екіншіге Экспо көрмесінде Монако мемлекетінің павильоны ашылғаны үшін алғыс айтып , ризалық білдіремін.

Альбер II, Монако Князі: -«ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі қос мемлекет арасындағы достықты  одан әрі нығайта түсті. Ұлтымыз басқа болғанымен, бізді ортақтастыратын дүниелер көп. Алға қарай ұмтылу, жасыл экономиканы дамыту – бәріміз көздеп отырған меже. Әсіресе Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2050 жылы елдегі тұтынатын энергияның 50 пайызын осы баламалы энергия құрауы тиіс дегені – маңызы зор мақсат. Қазақстанның табиғи қоры бай. Біздің мемлекет әлемдік климаттың жылынуын тежеу бағытында жұмыс істейді. Солардың біразын осы көрме аясында таныстырмақпыз.

Ақпарат көзі: 24.kz