Астана ЭКСПО-2017 көрмесінде Ұлыбританияның ұлттық күні өтті. Оны басқару үшін британиялық корольдік отбасының мүшесі, Глостерлік Герцог, Ханзада Ричард арнайы келді. Британиялықтар көрме қонақтарының назарына керемет театрландырылған көрініс ұсынды. Жалпы мәдени шара ел энергиясының әр алуандығы тақырыбында өтті. Бұл туралы 24.kz сайты жазады. Мұнда шотландиялық саз аспабы - волынкада әуендер әуелеп , Манчестер Университетінің физика департаменті әзірлеген технологиялық шоу ұйымдастырылды.
Шара барысында сөз алған ҚР Инвестициялар және даму министрінің орынбасары екі ел арасындағы қарым-қатынастың даму деңгейін саралап, салт-дәстүріміздің ұқсас тұстарын атап өтті.
Ерлан Қайыров, ҚР Инвестициялар және даму министрінің орынбасары: - Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы мәдени байланыстың жоғары деңгейде екенін атап өткен жөн. Еліміздің студенттері Ұлыбританияда білім алып жатыр. Сондай-ақ Астана мен Алматы қалаларында британдық мектептер тұрақты жұмыс істеп тұр. Біз де ағылшындар сияқты шай ішкенді жақсы көреміз. Британиялық әдебиет қашан да жоғары сұранысқа ие. Әлемде Шекспирді оқымаған адам , Гарри Поттерді білмейтін бала жоқ шығар.
Александр Ричард, Ұлыбритания Корольдігінің ханзадасы: - Орталық Азия аумағында алғаш рет ұйымдастырылған ЭКСПО көрмесіне қатысқаныма қуаныштымын. Тұңғыш көрменің 1851 жылы Ұлыбританияда өткені белгілі. Оның негізін қалаған менің арғы атам Ханзада Альберт болатын. Ол кездегі шараға 6 миллионға жуық адам қатысты. Алғашқы көрмеде факс-техникасы сияқты инновациялар таныстырылған болатын. Халықаралық шараның бүгінге дейін жетіп, дәстүрлі түрде өткізіліп жатқанына қуаныштымын.