Бүгін Дүниежүзі қазақтарының V Құрылтайы аясында «Шетелдегі қазақ диаспорасы: Қазақстанмен бизнес-серіктестік» тақырыбында дөңгелек үстел отырысы өтті. Іс-шараға шетелдік компаниялардың қазақ басшылары, кәсіпкерлер, ғалым-инноваторлар, шетелдердегі қазақ диаспорасының өкілдері, орталық мемлекеттік орган басшылары, ұлттық компаниялар мен Қазақстанның кәсіпкерлері қатысты. Бұл туралы mid.gov.kz сайты жазады.
ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің Жауапты хатшысы Замир Сағынов дөңгелек үстел қатысушыларына елімізге инвестиция тарту мақсатында жүзеге асырылып жатқан шаралар туралы айтып берді. Мәселен, бизнесті жүргізу үшін рұқсат құжаттарының саны дәйекті түрде қысқартылуда. Оларды алу рәсімдері жеңілдетілді. 61 мемлекеттің азаматы визаны рәсімдеусіз Қазақстанға еркін кіре алады және мемлекет аумағында тіркеусіз 30 күн жүре алады.
«Қазақстанда 10 арнаулы экономикалық аймақ пен 20 индустриялық аймақ белсенді жұмыс істеп тұр. Бұл аймақтарда инвесторларға қажетті инфрақұрылым жеткізіліп, мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Мысалы, бірқатар салықтардан және кедендік баж салығынан босату, дайын инфрақұрылыммен қамтамасыз ету қарастырылған. Басым жобаларды іске асыруға инвестициялық преференциялар, инновациялық гранттар, субсидиялау, жеңілдікті қаржыландыру мен басқа да мемлекеттік көмектер инвестиция мен бизнесті дамыту үшін беріледі»,-деп атап өтті Замир Сағынов.
Оның айтуынша, осындай айтулы құрылтайдың өтуі іскерлік байланысты дамытуға серпін береді және бизнес-серіктестік үшін жаңа көкжиектер ашады.
«Қазақстандағы бизнестің келешегі мен мүмкіндіктері Сіздердің қызығушылықтарыңызды тудырады, деп үміттенемін. Бұл дөңгелек үстел шетелдегі қазақ диаспорасының өкілдерімен бизнес жүргізу және өзара тиімді серіктестікті ілгерілету мәселелерін пысықтау алаңы мен жақсы дәстүрге айналатынына сенімдімін»,- деді ҚР ИДМ Жауапты хатшысы.
Дүниежүзі қазақтарының V Құрылтайына Ресей, Қытай, Моңғолия, АҚШ, Ауғанстан, Иран, Жапония, Оңтүстік Корея, Түркия, Канада, Австралия, Өзбекстан, Әзербайжан, Беларусь, Молдова, Латвия, Литва, Эстония, Украина, Тәжікстан, Түркіменстан және Қырғызстан сияқты әлемнің 39 елінен келген 350 қонақты қосқанда барлығы 800-ден астам делегат қатысты. Олардың ішінде шығармашылық, ғылыми және педагогикалық интеллигенция, бизнес, спорт, мемлекеттік және қоғамдық ұйым мен БАҚ өкілдері бар.