2017 жылғы 26 маусымда Астана қаласында «Туризм және болашақ энергиясы: СО2 шығарындыларын азайту» тақырыбында дүниежүзілік конференция өтті. Іс-шара модераторы Дүниежүзілік туристік ұйымның (ЮНВТО) бас хатшысы Талеб Рифаи болды.
Жалпы отырыстың ресми бөлігін Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары А. Мамин ашты. «Туризмдегі тұрақты көлік және ұтқырлық» тақырыбындағы бірінші сессияның спикері болған Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаев көлік секторындағы трансформация туралы баяндады.
Азаматтық авиация комитетінің басшысы Қазақстанда ұшу географиясын кеңейту, жаңа бағыттар ашу бойынша жүргізілген жұмыстар туралы, оның ішінде ЭКСПО-2017 көрмесін өткізу кезеңінде «ашық аспан» режімі енгізілгенін атап өтті. Барлық шетелдік тасымалдаушылар үшін Астанаға (аптасына 7 рейс) ұшу құқығы ұсынылды, сондай-ақ Алматы және Астана әуежайлары арқылы транзитпен ұшатын ҚХР азаматтары үшін 72 сағаттық визасыз режім енгізілді, бұл мемлекет арқылы өтетін транзиттің тартымдылығын арттыру үшін жеңілдетілген визалық режімді одан әрі пайдалану және транзиттік жолаушылар санын ұлғайту бойынша талдау жүргізуге мүмкіндік береді.
Жалпы сессия мүшелері жасыл технологиялар арқасында авиация анағұрлым экологиялық және қолайлы болады деген пікір білдірді. Болашақта экологиялық технологиялар авиацияны жақсартуға мүмкіндік береді және оны қоршаған орта үшін қауіпсіз етеді.