30.06.2017 в 19:54

ОҚО-дан 150 ерікті ЭКСПО-да қызмет көрсету үшін елордаға аттанды

Оңтүстік Қазақстан облысының жастарынан құралған еріктілер ЭКСПО халықаралық көрмесіне қарай жол тартты. Олар әлем назарын тіккен маңызды шара қонақтары мен көрмеге келушілерге 1 ай бойы қызмет көрсетеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА. Ерікті топтың Астанаға барып, келу шығынын жергілікті билік толық өз мойнына алып отыр. Ол үшін бюджеттен 6 млн теңге бөлінген.  «ЭКСПО» еріктілерін  жолға шықпас бұрын облыс әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков қабылдап, оларға сәттілік тіледі.

«Басында еріктілердің саны 100 болған еді. Қажеттілікке орай тағы 50 жас қосылды бұл санатқа. Сіздерге облыс басшысы Жансейіт Түймебаевтың атынан сәтті сапар тілеймін. Қазірдің өзінде оңтүстіктен халықаралық көрмеге сатылған билеттің саны 150 мыңға жуық болып отыр. Ал, көрмеге еліміз бойынша 3 мыңнан астам ерікті жұмылдырылмақ. Соның 150-і - оңтүстіктен»,- деді облыс әкімінің орынбасары. Елордаға аттанып бара жатқан еріктілер іріктелген жастар. Олар бұған дейін түрлі семинар-кеңестерге қатысып, ой-танымын арттырған. Білімін шыңдаған. Ең бастысы - жастар үш тілді жетік меңгерген. «Мен өзімнің халықаралық «ЭКСПО» көрмесіне келушілерге қызмет көрсететінімді мақтан тұтамын. Өйткені, бұл бақыт екінің біріне бұйыра бермейді. Әлем үшін маңызды жобаның жоғары деңгейде өтуіне мен үлесімді қосатыныма бақыттымын»,- дейді еріктілердің бірі Айкөркем Лесбекова. Жолға шыққан жастардың дені Елордаға  алғаш рет ат ізін салмақ. Олар көрме қонақтарына қызмет көрсетумен қатар, «Жасыл экономика»  бағытындағы жаңашылдықтармен танысады. Бұл - жастарға жігер беріп, олардың танымдық көзқарас көкжиегін кеңейтпек. Себебі, ЭКСПО-да әлемнің барлық мемлекеті өздерінің ең үздік технологиялық, ғылыми, мәдени жетістіктерін көрсетеді.