03.07.2017 в 17:09

Елордада ЭКСПО көрмесіне аясында «Этнос күні» өтті

Қазақстан – көпұлтты мемлекет. Елімізде 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдері өмір сүреді. Солардың мекеніне айналған еліміз өзге ұлт өкілдерін құрметтеп, олар­ды бауырына басуға қашан да дайын. Кеше Астана қала­сында ЭКСПО-2017 маман­дандырылған көрмесін мерекелеу шеңбері барысында Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйым­дастыруымен «Этнос күні» өтті.

«Этнос күні» жыл сайын ұйымдас­тырылып отырады. Мәдени шара Астана қаласындағы этномәдени бірлестіктердің жетістіктерін паш етуге, сондай-ақ, осында тұрып жатқан түрлі ұлттардың салт-дәстүрін насихаттауға арналды. Бұл шара биыл елорда төріндегі орталық саябақта өтті.  Фестиваль кезекті рет кавказ мәде­ниетіне арналды. Алғашқысы осы жылдың 13-15 сәуір аралығында өткен болатын. Кавказ халқының лезгинка биі бүгінде бірқатар елдерде аса танымал екені жасырын емес. Шара барысында ұлттық биі жиналған қауымды еріксіз елітіп ала жөнелді. Салтанатты жиында кавказ мәде­ниетінен бөлек, Еуропа, славян, шығыс халықтарының мәдениеті, салт-дәстүрі кеңінен таныстырылды.  Сонымен қатар, Германия мәдениет­аралық байланыс орталығының директоры Константин Шамбер туған елі туралы ой бөлісті. – Қазақстан – менің туған елім. Бала күнімде тарихи отаным Германияға көшіп кеткеніммен қазақ жерінің орны мен үшін әрдайым жоғары. Мұнда жиі келіп тұрамын. Әр келгенімде қазақ елінің күн санап дамып бара жатқанының куәсі боламын. Осы бағытта жалғастырар болса, Ұлы Дала елінің дамыған мемлекеттер қатарына қосыларына сенімдімін. Осыған дейін түрлі елдерге барып көрдім. Бірақ дәл Қазақстан секілді өзге ұлт өкілдеріне мейіріммен қарағанын байқамадым. Бүгінгі кавказ мәдениетін бір жыл ішінде екінші рет өткізіліп отырғаны соның бір дәлелі болса керек, – деді Константин Шамбер. Салтанатты жиында «Хазар» әзербайжан этномәдени бірлестігінің, «Ван» армян мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің, «Вайнах» чешен-ингуш этномәдени орта­лығының өкілдері қала тұрғындары мен қонақтарын думанға бөледі.

Ақпарат көзі: «Егемен Қазақстан»