ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен әлемге аты әйгілі дирижер Алан Бөрібаев бірегей жоба ұсынуда: біртуар австриялық композитор Густав Малердің әйгілі №8 Симфониясын ашық аспан астында алғаш орындау үшін 1200 музыкант қатыспақшы. Қазақстандық тұсаукесері EXPO-2017 мәдени бағдарламасының аясында 22 шілде күні Бейбітшілік және Келісім сарайы жанындағы алаңда өтеді. Густав Малер №8 симфония ми-бемоль мажор шығармасы адам рухының сұлулығына бағышталған асқақ ода ретінде пайымдаған. Туынды австриялық классиктің барлық шығармашылығын тоғыстыратын үздік күрделі еңбегі ғана емес, сонымен қатар әлемдік репертуардағы ауқымды симфониялық негіз болып табылады. Бірінші бөлімнің негізінде «Жаратқан ием, қуат бер» атты ІХ ғасырдағы латын мәтіні жатыр, ал екінші бөлімі ұлы неміс ақыны И.В. фон Гётенің «Фауст» трагедиясының соңғы көрініс сөздеріне жазылған. Оны орындауға музыканттардың орасан зор саны қажет – барынша кеңейтілген оркестр, бірнеше хор, балалар хоры мен сегіз солист. Осы бірегей жобаның қоюшы дирижері – әлемдегі ең талап етілетін маэстролардың бірі, «Астана Опера» театрының бас дирижері Алан Бөрібаев болып табылады. Айта кетер болсақ, ағымдағы жылдың наурыз айында ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Алан Бөрібаев «Астана Опера» симфониялық оркестрі, хоры мен жетекші солистерінен тұратын ұжымымен Астанада Г.Малердің «Жандану симфониясы» №2 Симфониясының премьерасын ұсынған болатын. «№8 Симфония – ешбір адам мекен етпейтін елсіз аралға өзіммен бірге ала баратын шығармалардың бірі, сол жерде осы бір таңғажайып музыканы үнемі тыңдаумен болушы едім. Қызықты бір жайт: 1910 жылдың қыркүйегіндегі тұсаукесері кезінде Еуропада EXPO көрмесі өтіп жатқан болатын. Дәл сол кезде орындаушыларының саны бойынша «Мың қатысушы симфониясы» деген атау алғаш рет пайдаланылған еді. Осындай аса ірі жобаны іске асыру – кез келген ұжым үшін күрделі сын. Бірлік, бауырластық, жалпыға ортақ махаббат идеясы әр кезде де өзекті әрі осы ниеттің қозғаушы күші болды, оның үстіне бұл симфонияның басты ойы – біздің барлық ғалам махаббаттан жаралған деген пікірге сайып келеді. Премьера шынымен де әлемде теңдесі жоқ бірегей оқиға болмақ», – деп атап өтті Алан Бөрібаев. Концертке «Астана Опера» театрының жетекші солистері Салтанат Ахметова, Жұпар Ғабдуллина, Айгүл Ниязова, Нұрлан Бекмұхамбетов, Татьяна Вицинская, сонымен қатар Абай атындағы МАОБТ жетекші солистері Оксана Давыденко, Олег Татамиров, Таир Тажигулов қатысады. Ұйымдастырушылардың хабарлауынша, «Астана Опера» симфониялық оркестрі, хоры және балалар хорымен бірге Густав Малердің ғаламат айбынды туындысын атақты итальяндық Карло Феличе (Генуя қаласы) театрының, Абай атындағы Мемлекеттік академиялық опера және балет театрының оркестрі мен хоры, сонымен қатар Қазақстан Республикасы Мемлекетік академиялық симфониялық оркестрі мен «Солистер академиясы» Мемлекеттік камералық оркестрі орындайтын болады.
Ақпарат көзі: khabar.kz