Отандық өнеркәсіпті дамыту арқылы ғана мемлекеттің экономикалық жағдайын көтеруге болады. Осылай деген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев былтырғы Жолдауында отандық тауардың 4 қасиетін белгілеп берді. Шымкенттегі «Алтын адам» фабрикасы тіккен киімдер осы сапаға жауап береді. Көпшілік сұранысы артқанға кәсіпорын Мақтаралдан сауда нүктесін ашты, - деп жазады shymkenttv.kz сайты.
Қазақстандық бренд Жетісайдағы «Жанетта» сауда үйінде сатыла бастады. Дүкенді отандық өнім өндірушілерді қолдаушы Асқар Рақымбердиев ашты. Кәсіпкер бұған дейін шағын бизнеспен шұғылданып келген. Енді, ел дамуына үлес қосу үшін қазақстандық өнімді сатуды қолға алып отыр. Өйткені, өзіміздің өнім импорт тауарынан асып түспесе, кем соқпайды. Қолдауға тұрады.
2013 жылы ашылған «Алтын адам» тігін фабрикасы қазір толық қуатында жұмыс істейді. Онда 300 адам жұмыспен қамтылған. Өз сауда нүктелері де жетерлік. Тұтынушылар ерлер мен әйелдерге арналған классикалық үлгідегі костюм-шалбарлар мен мектеп формаларын, түрлі жейделер мен аяқ киімдерді қолжетімді бағада сатып ала алады.
Тігін фабрикасы ауданның бірқатар білім ордаларымен келісімге келуді көздейді. Ол бойынша жаңа оқу жылына мектеп формаларын тікпекші. Отандық өнімді дамыту бағытында жергілікті билік пен аудандық білім бөлімінің қолдауына иек артады.
Жақын күндері бұл дүкенде кореялық тауар өндірушілермен бірлесіп ашылған шұлық фабрикасының өнімдері де сатылады. Жалпы, қазақстандық бизнесті қолдаушылар үшін Отандық өнімді тұтынып, өз экономикамызды еселеу патриотттық парыз болмақ.