26.07.2017 в 19:35

Шымкенттің ойыншықтары шетел нарығында саудаланбақ

Шымкент қаласындағы «Наурыз Пластик» сауда белгісінің өнімдері енді шетел нарығында саудаланбақ. Жергілікті нарықта бірнеше жыл бұрын пайда болған бұл кәсіпорын өнімдері соңғы уақытта кең сұранысқа ие болған. Бүгінде зауыт ойыншық көліктің 10 түрі мен құрастырғыштың 5 түрін шығарады. Өнімнің әр бөлшегі жеке-жеке дайындалып, соңынан құрастыруға жіберіледі.

«Қазақстанда жасалған» тауар белгісі бар ойыншықтар Шымкент қаласының базарлары мен облысымыздың барлық аудандарында сатылуда. Өндірушілердің айтуынша, бағасы қытайлық ойыншықтардан екі есе арзан. Кәсіпкерлер бұл ойыншықтар барлық халықаралық экологиялық талаптарға сай келеді дейді. Пластмассасы - сапалы, улы емес. Сондықтан, ойыншықтар бала денсаулығы үшін қауіпті емес деп сендіреді өндірушілер.

Кәсіпкерлер екі өндірістік жүйені сатып алуға қаржыны «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында алған. Кәсіпорынның өндіріс қуаты айына үш мың өнімнен асады. Дегенмен, өндіріс көлемін 10 мың данаға дейін көбейту мүмкіндігі бар.

Қазіргі таңда кәсіпорын өндірісі толығымен жолға қойылған. Жақында кәсіпкерлер индустриалды аймақтағы жаңа ғимаратқа көшті. Енді өндіріс қуатын арттырып, таяу және алыс шетел нарығына шығуды жоспарлап отыр.