02.10.2014 в 16:20

Мырзахметов киноматографистермен кездесті

 

Қазақстан киноматографистер одағы ҚР ҰҚК Шекара қызметіне қарасты барша әскери бөлімдерінде «Қазақстан ұлттық кино күндері» мен «Шекара-2014» киноакциясын ұйымдастыруда. Шара аясында оған қатысушылар киносүйер көрермендермен кездесіп, ұлттық кино өнерінің қалыптасу кезеңі және алдағы жоспарларымен танысады.

Осы айтулы шара аясында облыс әкімі Асқар Мырзахметов Шымкентке арнайы келген Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Асанәлі Әшімовпен, Қазақстан киноматографистер одағының мүшелері Т.Аралбаевпен, Қ. Тастанбековпен, И.Вовнянкомен, Ж.Зәуірбековпен, К.Ниязбаевпен, В.Пузырниковпен, Е.Тоқұзақовпен кездесті. Ұлттық кино өнері өкілдерімен болған кездесуде облыс әкімі өңіріміздің мәдени-рухани өмірінде болып жатқан оңды істер жөнінде кеңінен мағлұмат берді. Дара талант иелерінің еліміздегі үшінші қала мәртебесіне талпынып отырған Шымкентке арнайы келіп, жергілікті киносүйер көрермендермен жарқын жүздесулер өткізіп жатқандықтарына оңтүстікқазақстандықтар атынан алғыс білдірді.

Мәртебелі меймандар Оңтүстік Қазақстанның халқы қашанда ұлттық құндылықтарды аса қадір тұтатынын айта отырып, бұл өлкенің осы қасиеті ұлттық кинематография үшін таусылмас қазына екенін атап өтті. Асқақ Астана және арайлы Алматымен қатар шырайлы Шымкенттің күн санап көркейіп отырғаны дамудың даңғыл жолына аршындап қадам басқан тәуелсіз еліміздің жарқын жетістігі деп бағалады.

Бұл кездесуде қазақ киноөнерінің негізін қалаушы Шәкен Аймановтың сіңірген еңбегі де әңгіме арқауы болып, атақты тұлғаны халық жадында мәңгі сақтауға бағытталған шараларды бірлесе атқару мәселесі талқыланды. Шымкентте анимациялық фильмдер фестивалін өткізу үрдісі қайта жанданса, балаларға арналған бұл фильмдер ұлттық мазмұнда болар еді деген пікір білдірілді.