Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Талғат Ермегияевті қабылдады, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
Кездесу барысында Т.Ермегияев ЭКСПО-2017 көрмесіне дайындық пен Көрме кешені құрылысының барысы туралы баяндады.
Қазақстан Президенті Ұлттық компанияның алдына үлкен міндет қойылғанын, оны бүкіл жұртшылық бақылап отырғанын айтты.
- Дайындық шаралары бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуі тиіс. Көрме кешенін салу арқылы Астананың келбеті де өзгереді, ел экономикасы оң серпін алады. Құрылысқа қажетті материалдар шығарумен айналысатын шағын және орта бизнес субьектілерін жұмыспен қамтыған жөн. Тағы бір маңызды мәселе - көрме нысандарын көрме өткеннен кейін пайдалану, олар көрмеден кейін де пайдаланыста болуы керек, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
«Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы өз кезегінде көрме нысандарының құрылысы құрылыс-монтаж жұмыстарының бекітілген кестесіне сәйкес жүріп жатқанын айтты.
- Жыл аяғына дейін облыс әкімдіктерімен бірқатар меморандум жасау жоспарланып отыр. Онда құрылысқа қажетті материалдар пысықталады. Бүгіннің өзінде құрылыс материалдары жергілікті компаниялардан сатып алынуда, - деді Т.Ермегияев.
Ол сондай-ақ компания қаржыландырудың балама көздерін тарту тетіктерін әзірлегенін айтты. «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясы» АҚ басқарма басшысының ақпаратына қарағанда, қонақ үйлер, тұрғын үйлер мен өзге де нысандарды қоса қамтығанда, тікелей шетелдік инвестициялардың болжамды көлемі 800 миллион доллар болады.
Кездесудің қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы бірқатар нақты тапсырмалар берді.
Бекітілген жоспарға сәйкес, ЭКСПО-2017 барлық 38 нысанын пайдалануға беру 2016 жылдың желтоқсанына жоспарланып отыр. Көрменің халықаралық қатысушылары өз экспозицияларын дайындау жұмыстарын 2017 жылдың қаңтарында бастайды.
2017 жылдың 10 маусымынан 10 қыркүйегіне дейін созылатын ЭКСПО-2017 көрмесіне 100-ден аса ел, оннан кем емес халықаралық ұйымдар, инновациялық технологиялардың 10 шақты көшбасшы-компаниялары қатысады деп жоспарлануда. Көрмені 2 миллионнан астам адамның келіп көруі күтілуде, соның шамамен 85 пайызы қазақстандықтар болмақ.