Ермұхамбет Ертісбаев туралы гу-гу көбейіп тұр. Әлеуметтік желілер мен түрлі талдау сайттары Грузиядағы Қазақстан елшісін Астанаға оралады деп долбар айтып жатыр.
Оппозиция арасында "бұлбұл" атанғанымен, Е. Қабиденұлы сөзге шешен, жоғары билік тарапынан айтылған кез келген мәлімдемелердің тігісін жатқызып жіберуімен ерекшеленетін жан. Сайлауалды түрлі дебаттар кезінде биліктің мүддесін сәтті қорғап шыққаны да есімізде. Елде саяси ахуал бір ізге түскен тұста Грузияға елші етіп жіберілген. Содан бері ол кісі туралы жылт еткен ақпарат көрмей кеткенбіз. Күн құрғатпай қияңқы сөздерімен есте қалып қойған адамнан көз жазып қалған халық оның Астанадан бой көрсетуінен астар іздеп жатса түсінікті де шығар.
Ұзынқұлақ не дейді?
Үлкен бір сайлаудың жақындап қалғанын айтады. Сайлау ұйымдастыру жағын қыздың жүгіндей тиянақты атқаратын бір маман болса, ол - Нұрлан Нығматулин деседі. Н. Зайроллаұлы Президент Әкімшілігінің жетекшісі болғалы біраз облыстың әкімдері ауысты. Ендігі кезек Парламент сайлауы деп жүргендер көп. Ал, елдегі маңызды саяси науқандарда Ертісбаевтың атқаратын міндеті көп.