Бүгінде Оңтүстік Қазақстан облысында ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру жұмысы қарқынды түрде жүргізілуде. Осы мақсатта облыс әкімі Ж.Түймебаевтың тапсырмасымен жыл басынан бері ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау шаралары мен кооперативтердің артықшылықтары туралы облыстың барлық аудан-қалаларында мамандандырылған көшпелі семинар-кеңестер ұйымдастырылып келеді.
Дәл осындай кезекті семинар Шымкент қаласында ұйымдастырылды. Бұл жолғы шара өңірдегі сүт кластерін дамытуға арналып отыр. Жиынға облысымыздың барлық аудандарынан ауыл шаруашылығы басқармасының мамандары, қаржы ұйымдарының өкілдері, шаруалар мен кооператив мүшелері қатысты. Шараның мақсаты - ауыл шаруашылығы кооперативтерін құрудағы мәселелер мен кедергілерді анықтап, шаруаларға әкімдік тарапынан барынша қолдау көрсету.
Семинар шымылдығын түрген облыс әкімі Жансейіт Түймебаев кооператив төрағаларына 10 модульді сүт қабылдау бекетінің кіліттерін салтанатты түрде табыс етті.
Айта кетейік, құны 5 млн теңге тұратын сүт бекеттерінің 50 пайызы мемлекет тарапынан субсидияланған. Су жаңа бекеттер сүт сақтауға арналған танкер, арнайы зертхана, тоңазытқыштармен жабдықталған. Бұл өз кезегінде шаруалардың табысын еселеп қана қоймай, өңірдегі сүт өндірісін өркендетуге сеп болмақ.
«Жыл басында қолға алынған мамандандырылған көшпелі семинарлар бүгінде өз нәтижесін беріп отыр. Түсіндіру, үгіт-насихат жұмыстарының арқасында өңірде 55 мыңнан астам ұсақ шаруа қожалықтары біріктірілген кооперативтер саны 596 - ға жетті. Осы көрсеткішке орай облысымыз республикада көш бастап отырғанын айта кеткен жөн», - деді Жансейіт Түймебаев.
Семинар барысында облыста сүт өндірісін дамыту жайы талқыланып, шараулар осы салаға бағытталған мемлекеттік қолдаулар мен жеңілдіктер жайлы пайдалы ақпарттар алды. Шаруалар тарапанынан қойылған сауалдарға қаржы ұйымдарының өкілдері мен сала мамандары тиісті жауаптарын беріп, ақыл-кеңестерімен бөлісті.
Сондай-ақ өңірде мемлекеттік қолдау көлемі жылдан-жылға ұлғайып келеді. Мәселен, биыл ауыл шаруашылығы саласын несиелендіруге республика бойынша 27 млрд. теңге бөлінсе, соның 3,2 млрд теңгесі Оңтүстік Қазақстан облысына бағытталып отыр.
Бұдан бөлек, «Нәтижелі жұмыспен қамту» бағдарламасы және «ҚазАгро» АҚ ОҚО еншілес мекемелері арқылы шаруалар мен кооператив мүшелеріне түрлі бағдарламалар бойынша жылдық 6 пайызбен несиелер берілуде. Бүгінгі күні мүшелер саны 20- дан жоғары кооперативтерде 33 сүт қабылдау бекеттері жұмыс істеп тұр. Қазіргі таңда сүт қабылдау бекеттеріне ауыл шаруашылығы арқылы 439 млн теңге инвестициялық субсидия берілген. Оның ішінде 18 сүт қабылдау бекетіне 50,8 млн субсидия төленіп отыр.