Қостанай облысында астық қар астында қалып қояды деген қауіп бар деп жатыр. Әкімдердің іскерлік жағын бағалау арқылы түзілетін рейтингте үнемі көш соңында жүретін Нұралы Сәдуақасов үшін бұл да өзіндік бір соққы болайын деп тұрған сияқты.
Өңірдің ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметтеріне сәйкес, аймақта астық алқаптарының 75%-ы орылған, шамамен 3 млн га егін бастырылды. Диқаншылар әлі де 1 млн га дәнді дақылдарды жинауы керек. Ал ору науқаны күн суытқан сайын күрделеніп барады.
«Өткен аптада Федоров, Ұзынкөл, Меңдіқара мен Қарабалық аудандарында 5 мм жауын түсті, ол орташа айлық көлемнен екі есе артық. Диқаншылар бейсенбі мен жұма күндері жақсы жұмыс істеді. Ал демалыс күндері жауын-шашын салдарынан техника тұралап қалды», - деді Қостанай облысының әкімі Нұралы Сәдуақасов. Аса күрделі жағдай облыстың алты ауданында сақталып отыр.
«Ұзынкөл, Сарыкөл, Меңдіқара, Қостанай, Федоров пен Алтынсарин аудандарында егістік алқаптарының 38%-дан 63%-ға жуық аумағы ғана орылды. Облыс элеваторларына ылғалдылығы 22% және одан асатын 1 млн тоннаға жуық астық құйылды», - деп нақтылады Қостанай облысы ауыл шаруашылығы басқармасы өсімдік шаруашылығы бөлімінің басшысы Сәлімжан Исеномаров.
«Қазақстан фермерлер одағы» КҚ жетекшісі Владимир Дранчук өнімінің жартысы әлі далада жатқанын алға тартып отыр. Комбайндар оруға жарамай тұр.
«Қазірде жаңа проблема туындап отыр – астық сапасы сын көтермейді, бидайдың көп бөлігі келесі жылы егуге жарамсыз. 1 қарашада министр «тұқым шаруашылығы туралы» заңға қол қоюы тиіс. Онда тек 1 репродукция субсидияланады деп анық көрсетілген. Ал бізде 1 репродукция жоқ деуге болады, 3-4 санаттағы бидай. Жағдай мүшкіл, субсидияға бөлінетін ақша игерілмей қалуы мүмкін, сондықтан бұл механизм бізде жүзеге аспауы ықтимал», - деді ол.
Владимир Дранчуктің айтуынша, Фермерлер одағы осы мәселеге қатысты Ауыл шаруашылығы министрлігіне үндеу дайындап жатыр. Ал Қостанай облысының диқаншылары ауа райы жақсарады деген үмітпен жұмыстарын уақытша тоқтатуға мәжбүр. Алайда синоптиктер бізді жағымды жаңалықпен қуанта алмай отыр. Тіпті, ұзаққа созылған жаңбырдың соңы қарға ұласуы мүмкін деген болжам бар.