Қазақ тілін «Google Translate» жүйесіне қосуға тіл жанашырлары жұмылса игі. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «WikiBilim» қоры қамқоршылар кеңесінің төрағасы Рауан Кенжеханұлы мәлім етті.
Тоқтала кететін жайт, аталған жобаның іске қосылғанына екі жылдан астам уақыт өткен. Бастамашылар тобы «WikiBilim» қоры жобаға жанашыр болатын, қазақ және ағылшын тілін білетін қауымдастық құруға, соның көмегіне сүйенуге тырысқан еді. «Жалпы, «WikiBilim» қоры интернеттегі қазақ тілді контентті дамытумен айналысады. Бұл ретте әлемде кеңінен қолданылатын «Google-аудармашы» жүйесінде қазақ тілінің де болуы біз үшін өте маңызды деп санаймыз. Бір жағынан, бұл қазақ тілін меңгеріп жүрген ортаға көмекші құрал, екінші жағынан түрлі мәтіндер жазатын мамандарға, соның ішінде тілшілерге, ғылымға көп көмек болады деп сенеміз. Өйткені, «Google-аудармашы» сияқты қызмет тек жекелеген сөздер, сөз тіркестерін ғана емес, үлкен мәтіндерді, соның ішінде толықтай веб-парақтарды аударуға мүмкіндік береді», - дейді Қордың жетекшісі Рауан Кенжеханұлы.
Оның сөзіне қарағанда, бүгінде күн сайын әлемде «Google-аудармашы» қызметін 200 млн. адам пайдаланады. Яғни, екі тілді қатар қолданатын қоғамда немесе ортада толықтай осы жүйе пайдаланылып отыр деген сөз.
«Осы бастаманы қолға алған кезде Google-мен байланысқа шықтық, олар бұл жұмысты өздері жасай алмайтындығын айтып, бірақ платформаның жаңа тілді қабылдауға дайын екенін жеткізген еді. Бірақ бұл үшін сол тілде сөйлейтін ортаның өзі жүйені ағылшын және қазақ тілдеріндегі өте көп, қатесіз аударма материалдармен қамтамасыз ету керек болатын. Соның негізінде Google-дың аударма жүйесі қазақ тілін игеріп алып кете алады. Бұл жұмыстың бәрі бірінші кезеңі атқарылды», - дейді Рауан Кенжеханұлы. Оның айтуынша, ендігі күні жобаның екінші кезеңіне кірісу қажет. Бұл ретте «Google» қазақ және ағылшын тілінде жасалған аудармаларды бағалау керектігін алға тартқан.
«Осыған орай, «Билайн Қазақстан» компаниясының көмегімен тілші мамандар араласып, аударма сапасын бір рет бағалап шықтық. Енді жақын арада «Google» командасы аудармаларды тағы бір рет қарап, оларды бекіту керектігін айтып отыр. Соған орай, бүгінгі мүмкіндікті пайдаланып, тілге жанашыр қауымдастыққа тағы бір мәрте өтініш айтқымыз келіп отыр. Оларды осы жүйеге кіріп, аудармаға баға беріп, дұрыс болса оны құптап, кемшіліктер кетіп жатса, оны түзетуге уақыт тапса деп өтінеміз. Қосымша аударма жасау арқылы осы жүйені тезірек іске қосуға атсалысуға шақырамыз», - деді Р.Кенжеханұлы.
Осыған орай, тіл жанашырлары http://translate.google.kz/community сілтемесі арқылы «Google Translate + Kazakh» жобасындағы аудармаға өз үлесін қоса алады. Тұтастай алғанда жоба жемісті жүргізілсе қазақ тілі Google Translate жүйесіне 2014 жылдың соңына дейін қосылмақ.