16.10.2014 в 15:00

Ақпараттық қауіпсіздік кафедрасы ашылады

Бізде ақсап тұрған саланың бірі ақпараттық қауіпсіздік деп жиі айтылады. Өзге елдердің ақпараттық өнімдері ешбір сүзгісіз ұсынылып жататыны тағы бар. Ақпараттық сала да экономикалық, саяси салалар сияқты қауіпсіздікте болуы керек. Себебі қазір көпетеген елдердегі түрлі қақтығыстардың бастауы осы - ақпараттық соғыстардан күш алып жатыр.

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде ақпараттық қауіпсіздік кафедрасы ашылуы мүмкін. Бұл туралы бүгін елордада  өтіп жатқан «Қазақстан-2050» Стратегиясы аясындағы ақпараттық қауіпсіздік» тақырыбындағы халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция  барысында Л.Гумилев атындағы ЕҰУ Ақпараттық қауіпсіздік және технология институтының директоры Ержан Сейітқұлов айтты.

«Біз өткен жылы ЕҰУ-де ақпараттық қауіпсіздік жүйесі бойынша мамандық аштық. Бір жылдың өзінде-ақ талапкерлердің жартысынан астамын жинап алдық», - деді ол.

Е.Сейітқұловтың сөзіне қарағанда, университетте ақпараттық қауіпсіздік саласындағы кадрларды даярлау үшін зор ғылыми әлеует бар. Бұдан бөлек еліміздің Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп, осы салаға қатысты көптеген жобалар жүзеге асырылуда.

«Ақпараттық қауіпсіздік жөніндегі жеке кафедра құру, жаңа техникалық, мәселен компьютерлік қауіпсіздік мамандығын ашу жоспарымызда бар. Қазіргі уақытта бізде ақпараттық қауіпсіздік жүйесі деп аталатын жалғыз әскери мамандық болса, Ресейде ақпараттық қауіпсіздік бойынша көптеген техникалық мамандық бар», - деді институт директоры.

Оның сөзіне қарағанда, елімізде бұл саладағы мамандарды бакалавриат, магистратура және докторантура бағдарламалары бойынша дайындауда проблемалар орын алуда.