Астанада «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесіне қатысушылардың бірінші кездесуі басталды, деп хабарлайды Bnews.kz.
Бұл – Париждегі халықаралық көрмелер бюросы Бас ассамблеясының 155 сессиясында «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін Қазақстанда өткізу туралы ресми шешім қабылданғаннан кейінгі алғашқы шара.
Екі күндік форумға халықаралық көрмелер бюросының басшылығы, ЭСКПО комиссары хатшылығының қызметкерлері, сондай-ақ ЭКСПО-2017 көрмесіне ресми шақыру алған 86 елдің 200-ден астам өкілі жиналды.
Форум барысында «Астана-ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының департамент басшылары көрме жобасының негізгі салалары бойынша өз таныстырылымдарын жасайды. Атап айтқанда, ЭКСПО-2017 көрмесінің бас жобасы мен құрылыс жұмыстарының кестесі, контент-жоспар, ойын-сауық бағдарламасы, демеушілік пен ұжымдық қатысу, коммуникациялар мен көрмені ілгерілету бағдарламасы, «Болашақ энергиясы» симпозиумын өткізу, көрмеге қатысу рәсімі, Қазақстанның туризм саласындағы әлеуеті таныстырылады.
Халықаралық қатысушылардың жиналысы ЭКСПО-2017 көрмесі басталғанша жыл сайын өткізілетін болады.