29.10.2014 в 11:25

Президент Дүниежүзілік ислам экономикалық форумына қатысты

Елбасы Дүниежүзілік ислам экономикалық форумының «Экономикалық өсу жолындағы инновациялық серіктестік» тақырыбына арналған 10-шы отырысында сөз сөйледі.

Қазақстан Президенті әлемдік энергетикалық ресурстардың 70 пайызына бақылау жасайтын Ислам ынтымақтастығы ұйымына әлемдік ІЖӨ-нің тек 7,5 пайызы және жаһандық тауар айналымының 11,2 пайызы ғана тиесілі екенін айтты.

Бұл ретте мұсылман әлемі халық санының өсуі, кедейлік, табиғи ресурстардың біртіндеп сарқылуы, экологияның нашарлауы секілді елеулі мәселелерге кезігіп отыр.

– Осы сын-қатерлерді лайықты қарсы алып, еңсеру үшін батыл ынтымақтастық және қажетті бастамалар қабылдау керек болады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті Ислам ынтымақтастығы ұйымына біздің елдің төрағалығы барысында Ислам әлемінің ХХІ ғасырдағы дамуының негізі ретіндегі жаңғыру мен реформаларға бағытталған ИЫҰ-ның Астана декларациясы қабылданғанын еске салды.

– Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстан ислам әлемін әрі қарай нығайту мен дамытудың табанды жақтаушысы болып қала береді, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президентінің атап өткеніндей, біздің еліміз жаңа индустриялық бағдарлама аясында БАӘ, Иран, Түркия және Малайзиямен белсене жұмыс жүргізуде.

– 2,5 миллиард доллар болатын  перспективалы 15 жобамен жұмыс жасалуда және бұл бастамасы ғана, – деді Елбасы.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан инвесторлар тарту үшін барлық жағдайды жасап, тиімді көліктік-логистикалық инфрақұрылым қалыптастырып жатқанын айтты.

– 10 мың шақырымнан астам автокөлік жолы, 2,5 мың шақырым теміржол салынды және қайта жөнделді. Қытайдан Парсы шығанағына дейінгі қашықтық 1200 шақырымға қысқарды, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан ауыл шаруашылығы мақсатындағы, жалпы ауданы 90 миллион гектарға жуық жерге ие бола отырып, азық-түлік қауіпсіздігінің жаһандық орталығына да айнала алады.

Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев Ислам даму банкімен біздің елдің инвестиция тарту және ислам банкингін дамыту саласындағы ынтымақтастығының жемістілігіне назар аударды. Бүгінде бұл бағыт бойынша отандық экономикаға 700 миллионнан астам доллар инвестиция салынған.

Мемлекет басшысы 2007 жылы біздің еліміз БАӘ-мен бірлесіп, Қазақстанда 500 миллион долларды капитализациялау арқылы «аль-Хиляль» алғашқы ислам банкін ашуға шешім қабылдағанын еске салды. Қазіргі кезде Қазақстан Алматыны ТМД және Шығыс Еуропа елдері үшін исламдық қаржыландырудың өңірлік хабы ретінде көрсетіп отыр.

Соңында Нұрсұлтан Назарбаев Дүниежүзілік ислам экономикалық форумына қатысушылар әлемдік экономиканы дамытуға деген көзқарасты қайта байыптау ісіне өз үлестерін қосатындарына сенім білдірді.