01.03.2018 в 11:45

"Алғыс айту" күнінің мәнін жан-жақты түсіндіру қажет. (видео)

Мерекенің маңызы мен тағлымы туралы жазушы, филология ғылымдарының кандидаты Әлпейісова Камал Әбілқасымқызы айтып берді.

"Алғыс айту күні" мерекесін сіз қалай қабылдадыңыз?

- Қуана қабылдадым. Өйткені, ойлы, саналы, тарихымызды білетін әр азамат үшін бұл – қажеттігі ешқандай дәлелдеуді талап етпейтін, барша қазақстандықтарға түсінікті мереке.

Ғалымдар "Алғыс айту" күнін тарих ақтаңдақтарын ашу үшін аса қажет деп, ал ұстаздар қауымы жастардың бойына адамгершілік, қайырымдылық, туған жерді сүю, еліңнің ізгі қасиеттерін біліп, бағалау қасиеттерін сіңіретін мереке деген пікірде.

https://www.youtube.com/watch?v=tJM9PxnurFE

Елімізді мекендеген этнос өкілдері, кешегі қуғын-сүргінді бастан кешкендердің ұрпақтары, әсіресе қазақ жеріне бала да болса, ес білген жаста келгендер, Елбасы жарлығына бірауыздан қолдау білдірді. Өйткені бұл – этностарға керегірек мереке. Соның арқасында қазіргі ұрпақтары өз тарихи Отандары бола тұра неліктен қазақ жерінде жүргенінің шынайы тарихын біледі. Кеңес дәуірінде бұл мүмкіндік болған жоқ қой.

Басқа елдердегі осындай мерекелер туралы не айта аласыз?

- Америкада бағзы замандардан бері аталып өтетін ризашылық білдіру күні (День благодарения) бар. Оның мерекеленуі Рождестводан немесе Жаңа жылдан кем түспейді.

Аңыз бойынша, Америка құрлығын отарлаушылар қаһарлы қыстың құрсауында қалып, аштыққа ұшырағанда жергілікті үндістер аяушылық танытып, бірнеше күркетауық әкеп, тамақтандыруы дүйім жұрттың қаһарлы қыстан аман-есен өтуге себепші болған деседі.  Қазір бұл мереке кезінде дастарханға дәстүрлі тағамдар, солардың ішінде, міндетті түрде күркетауық қойылуы халықтың тарихын ұмытпағанын, аштықтан аман алып қалғандарға ризашылығын білдіруін көрсетеді.

https://www.youtube.com/watch?time_continue=5&v=PxmZpV4BKPQ

 

Израиль елінде негізгі мақсаты Құдайға құлшылық етіп, мол астық бергеніне ризашылық білдіру болып табылатын Астық ору мерекесі бар. Оның идеясы күздің соңына қарай мол астық беріп, израиль халқына қамқорлық жасағаны үшін Жаратушыға ризашылық білдіру болып табылады.

Вьетнам мен Қытайдың кейбір өңірлерінде күз мезгілінің орта тұсында ризашылық фестивалі (Tet Trung Thu) өткізіліп, халық жаңбыр жауғызып, астық алуға жағдай тудырған Айдаһарға алғыс айтады.

Осыған ұқсас мерекелер басқа да көптеген елдерде бар. Яғни, Алғыс айту күнін өзімізді даралау үшін біз ойлап тапқан жоқпыз. Бір өзгешелігі, аталған елдердің көбінде қолайлы табиғат құбылысы үшін табынатын болса, бізде мың сан адамға жасалған қысастық кезінде қамқор болған жұртқа, сол қиындықтан бірге өткен халықтардың бір-біріне алғыс айтуына арналған.

Мереке халықтық сипат алу үшін не істеуге болады?

- Қоғамда, әсіресе, жастар арасында, оның ішінде ата-әжелері тоталитарлық саясаттың шыбыртқысы тарының қауызына тыққандай күй кештіргенде кең құшағына алған жер туралы, өздері аш-жалаңаш отырса да, жер иесі екендігін ұмытпай, айдалып келгендерге бала-шағасы талғажау етіп отырған қара көжесі мен қатқан нанын бөліп берген халыққа алғыс айтуды артық көретіндер үшін (өкінішке қарай, ондайлар да бар) кең ауқымды түсіндіру науқанын өткізген жөн.

Кейбір жандардың мереке мәнін түсінбеуі бұл күннің белгіленуіне себепші болған  жайлардан хабарының жоқтығына байланысты шығар.

Өткен тарихыңды білгенде ғана қазіргі күніңнің – мылтық кезелмейтін, айдап әкетеді деп қорықпайтын, аш қаламыз деген уайымсыз күніңнің  қадіріне жетесің. Мұндай күйді бастан кешкен, "аштықта жеген құйқаның дәмі ауыздан кетпейтінін" білетіндердің қатары сиреп бара жатыр, олардың етегіне жармасып келген балалардың өзі қазір ақсақал жасына жетті.

Сондықтан Елбасының осы мерекені белгілеу туралы айтқанда: "Барлық этностардың бір біріне және мейірбандық танытып, ол адамдарды өз туғанындай қабылдаған қазақтарға алғыс айту күні ретінде атап өту әділетті болар еді. Ол күн бізді бұрынғыдан да гөрі жақындастыра түспек" деген сөздерді – ұрпақтың өз тарихын білуін, сол қиындықта шыңдалған татулық пен бірлікті нығайта түсуін көксеуден туғаны сөз деп қабылдауымыз керек.

Бұл – қажеттілігін уақыттың өзі талап еткен, ХХ ғасырдың зұлматы қайталанбауы үшін оны бастан кешкен халықтар жадысын жаңғырту мақсатында пайда болған мереке.

Қай діннің қасиетті кітабын алсақ та, ұлы Жаратушы адамдар әлдебір жайларды жүректері ризашылық сезімге толып еске алулары үшін белгілі бір оқиғаларды мереке ретінде атап өтуге үкім етеді. Сондықтан жылына бір рет: барша қазақстандық: осы өмірде жер басып жүргеніміз үшін, ұрпағымыз алдыңғы толқын көрген тақсіретті көрмей өсіп жатқаны үшін, әулетіміз өскені үшін, таңымыз уайымсыз атқаны үшін алғыс айтуымыз керек деп ойлаймын.

bnews.kz

Тегтер: