Түркістан қаласында қазіргі таңда 162 мың халық тұрады. 8 мыңнан аса тұрғын баспана кезегінде тұр. Осыған орай қалада 660 пәтерлі 11 тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Тоқтар Үсіпәлиевтің сөзінше, «Отырар» мөлтек ауданында бой көтеріп жатқан баспаналар «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынып отыр. Бес қабатты үйлердің әрқайсысы 60 пәтерлі болады. 4 млрд 102 млн теңгеге салынып жатқан баспаналар бірінші кезекте әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған жетім балаларға, апатты үй тұрғындарына және бюджеттік сала қызметкерлеріне берілмек. Сондай-ақ жылдар бойы тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар қол жеткізеді. Бұдан бөлек облыс орталығында жеке инвестордың есебінен 360 пәтерлі 6 несиелік тұрғын үй бой көтереді. 9 үйдің құрылысы басталмақ. Қазір үй салынатын орындарға инфрақұрылымдық желілері тартылып жатыр. Жаңа баспаналарға тұрғындар келер жылы кіреді деп күтілуде. Осы жұмыстар толығымен аяқталға 1560 отбасы баспаналы болмақ.