25.10.2018 в 17:18

«КӨРІКТІ МЕКЕН» ЖАМБЫЛДА ЖАЛҒАСТЫ

«Көрікті мекен» танымдық сапары жобасы Жамбыл облысында жалғасын тапты. Елбасы «Рухани жаңғыру – болашаққа бағдар» атты мақаласында:  «Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс» деп атап өтті. Аталмыш Жолдау аясында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитеті «Көрікті мекен» танымдық сапары жобасын қолға алды. Ол екі негізгі мақсатты көздейді. Біріншіден, «Рухани жаңғыру» бағдарламасына сәйкес, еліміздің өзен-көлдеріне арнайы саяхат жасап, олардың тарихын тереңірек тану арқылы ұлттық болмысымызды жаңғырту. Екіншіден, комитетке қарасты су ресурстары нысандарының жұмысын əлеуметке насихаттау. Су ресурстары – мемлекеттің маңызды стратегиялық ресурстарының бірі болып саналады.

"Көрікті мекен" танымдық сапары биыл Алматы облысынан бастау алып, Жамбыл облысында жалғасын тауып отыр. Жобаға қатысушы топ 3 күн бойы мемлекеттік маңызы бар су нысандарының жұмысымен танысып, мамандармен сұхбаттасып, өзен-көлдерге саяхаттап, өңірдегі шаруа қожалықтарын аралап көреді.  Жобаның басты мақсаты – еліміздің экономикалық мүмкіндіктерінің артуымен ел қауіпсіздігіне тікелей қатысы бар су ресурстарын реттеу, стратегиялық маңызды су нысандарының құрылысын жаңғырту мен жаңа нысандарды тұрғызу жұмыстарын жүргізу. Аталған ауқымды істерде Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитеті мен оған қарасты мемлекеттік кәсіпорындар қомақты үлес қосып отыр.

Танымдық сапарға елімізге белгілі бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, интернет-журналистиканың танымал өкілдері тартылып отыр. Бұл топ күні бойы су нысандары мен өзен-көлдерді саяхаттап, су мамандарымен сұхбаттасып, әлеуметтік желі мен ақпарат құралдары арқылы халықпен көрген-білгендерін бөлісіп отырмақ.

БАҚ өкілдері еліміздегі су мәселелерін терең білуі керек. Себебі, осы саланың уақыт өткен сайын маңыздылығы артып келеді. Қай өңірге жолымыз түссе де елді-мекендер тұтынып отырған су қайдан келіп жатыр, оның баға мәселесі, мемлекеттік бағдарламалар қаншалықты іске асып жатыр, маңызды су нысандарының тарихы мен жай-күйі секілді тақырыптарды қамтып жүрміз. Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитеті осы мақсатты көздейді және әрі қарай да осы бағытта жұмыс жасайды», - дейді Су ресурстары комитеті мен «Қазсушар» РМК-нің Баспасөз хатшысы Азамат Байғалиұлы.

Айта кетейік, өткен жылы жоба Түркістан облысынан бастау алған еді. Бұдан ары жобаны Қызылорда, Ақмола, Қарағанды, Батыс және Шығыс Қазақстан облыстарында жалғастыру жоспарланған.