26.10.2018 в 12:34

ТАРАЗ: МЕДИАЦИЯ КАБИНЕТТЕРІНІҢ МИССИЯСЫ НЕ?

«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы бүгінгі күні мемлекеттік жүйенің барлық құрылымдарына енгізіліп жатыр.  Осы бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында Тараз қаласында қоғамдық кеңес беру үшін 14 медиация кабинеттері ашылды. Енді облыс тұрғындары өздерінің дауларын соттарға бармай, тіпті үйден шықпай-ақ шеше алады.

Бұл туралы бүгін Жамбыл облысы əкімдігі ішкі саясат басқармасы «ӨКҚ» алаңында облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы медиаторлар кеңесінің төрағасы, «Новый регион» газетінің бас редакторы, «Нұр Отан» партиясы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес кеңесінің мүшесі Лариса Сафонова, облыстық сотының судьясы, Келісім координаторы Дінмұхамед Азретқұловтың қатысуымен өткен баспасөз конференциясында айтылды.

Бүгінгі күні елімізде медиация жүйесінің дамуы қоғамдың сананы жаңғыртудың, рухани жаңғырудың бір жолы саналады. Мемлекеттің медиацияны дамыту үшін қоғамды жұмылдыруы бекерден бекер емес. Бүгінгі күні қоғамда медиация жүйесінің жан жақты тиімділігі дәлелденіп отыр. Әсіресе, медиация ұғымын дамытуда, оның қолданыс аясын кеңейтуде Қазақстан Халқы Ассамблеясының (ҚХА) орны ерекше.

2011 жылғы 28 қаңтарда Қазақстан Республикасының Президенті «Медиация туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Осы заңның қабылдануымен біздің елімізде медиаторлардың қатысуымен дауларды шешудің баламалы жолдарын дамыту үшін құқықтық шарттар жасалды.

Медиация – кез келген даулы мәселені бітімгершілікпен шешу. Бұл қазіргі сот жүйесіне өте қажетті жолдардың бірі. Дұрыс қолдана білсе, екі тарап та ерікті түрде ортақ мәмілеге келе алады. Медиацияға жүгінсе, дауласушылардың бірін екіншісіне жығып бермей, сот шешімінің ең тиімдісін іздейді, сол арқылы екі жақтың да мүддесін қамтитын шешім қабылдайды.

Медиация азаматтық, еңбекке қатысты, отбасылық және басқадай құқықтық қатынастарға байланысты, сондай-ақ ауырлығы шағын және орташа қылмыстық істер жөнінде туындаған дауларда қолданыла алады.

Аймақта Жамбыл облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ базасында медиация кабинеті ашылды, даулы мәселелер мен қақтығыстарға түскен азаматтады қабылдайтын қоғамдық қабылдау бөлмесі де бар.

Сонымен қатар, облыстың аудандарында және Тараз қаласында қоғамдық кеңес беру үшін 14 медиация кабинеттері ашылды. Бүгінгі таңда облыста 72 адам жұмыс істейді, ал 2018 жылдың 9 ай қорытындысы бойынша Жамбыл облысы бойынша Медиация бөлімшесіне 621 азамат өтініш білдірген. ҚХА медиаторлар көмегімен 481 жанжал және даулар шешімін тапқан. Шешілген мәселелердің негізгі түрлері: еңбек, азаматтық және отбасылық даулар.

Ал, медиацияны дамытудың басымдылығы – пікірлес серіктестерді іздеу. Жамбыл облыстық сотымен келісу бітімгерлік рәсімдерді дамыту саласындағы ынтымақтастық арқылы медиацияны дамытуға үлкен серпін берілді, келісім рәсімдерін әзірлеуде ынтымақтастық туралы 13 меморандум мен келісім жасалды.