27.10.2018 в 23:46

ТАРАЗДА ҚАЛА КҮНІНЕ ОРАЙ 20 НЫСАН АШЫЛДЫ

Бүгін Тараздықтар “Қала күнін” тойлады. Мерекеге орайластырылып Тараз қаласында бірнеше ескерткіш ашылды.

Қаланың көркіне көрік қосып, сәулеті мен келбеті жаңартылған шаһарда тыл еңбеккерлеріне, “Чернобыль” атом электр стансасының зардабын жоюға қатысушыларға және Ауған соғысы ардагерлеріне арналған ескерткіштер ашылды. Тыл еңбеккерлеріне арналған ескерткішті тыл ардагерлері Жәнібек Майқанов пен  Раиса  Жандосова ашып, гүл шоқтарын қойды.

“Жеңіс” саябағында ашылған екінші ескерткіш – “Чернобыль” апатын залалсыздандыруға қатысушыларға арналған. Биыл атом электр станциясындағы апаттың орын алғанына 32 жыл толды. Дүние жүзіндегі атом энергетикасы тарихындағы ең ірі жарылыстың зардабын жоюға 800 мыңдай адам қатысса, оның 32 мыңы қазақстандық еді. Чернобыльдегі радиактивті түтін 10-нан аса мемлекеттің 200 мың шаршы жерін ластады, 5 миллионға жуық адам оның зардабын шекті. Жарылыс күші бір мезгілде 100 атом бомбасы тасталғандай болды.

ХХ ғасырдағы ең ауыр техногендік апатты ауыздықтауға Жамбыл облысынан 1200 жерлесіміз қатысты. Олар өз денсаулығы мен өмірін құрбан ете отырып, радиацияның таралуына жол бермеуге ат салысты.

Бейбіт күндегі ерлеріміздің ерен ерліктері мен өнегелі істері бүгінгі жас ұрпаққа үлкен өнеге. Өткенді ұмытпау – оларға құрмет көрсету өскелен ұрпақтың парызы.

Ескерткішті Қазақстан Республикасы Чернобль ардагерлері және мүгедектері қоғамдық бірлестіктерінің үйлестіру кеңесі филиалының төрағасы Бақытжан Әшірбаев және Жамбыл облыстық Чернобль одағы қоғамдық бірлестігінің мүшесі Владимир Хорошин ашты.

– Апат салдарын жоюға қатысқан азаматтардың еңбектерін бағалап, үлкен ескерткіш ашып жатқандарыңызға рахмет! Бұл ескерткіш жастарымызды Отанын сүюге баулуда тәлім тәрбиелік мәні жоғары деп ойлаймыз!, – деді Бақытжан Әшірбаев

Аталған саябақта ашылған үшінші ескерткіш – Ауған соғысы ардагерлеріне арналған.  Кеңестік солақай саясаттың салдарынан Ауғанстан жеріндегі әскери іс-қимылдарға Жамбыл облысынан 2236 жерлесіміз қатысты. Ал, 71 жас жауынгер әскери қақтығыстар кезінде қаза тапты.

Ауған соғысы ардагерлеріне арналған ескерткішті Халық қаһарманы, Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің депутаты, Ауған соғысының ардагері Бақытжан Ертаев және Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің депутаты, Ауған соғысының ардагері «Қазақстан ардагерлері» қауымдастығының төрағасы Бақытбек Смағұл  ашты.

Мұнымен қатар бүгін  “Үш бұлақ” жағалауы жаңғыртудан өтіп, ұзындығы 72 метрді құрайтын   көпір де халық игілігіне ашылды.

Қайта жаңғыртылған «Үш бұлақ» жағалауын қала тұрғындары үшін лайықты демалыс аумағына айналдыру жұмысы «Жеңіс» саябағы бойынша қолға алынған жобамен байланысты. Көп жылдан бері каналдың жағалауы қараусыз қалып, қоғам тарапынан сын айтылып келген еді.

Бұл аумақтың қайта жаңғырту жобасы “Жеңіс” саябағымен жалғасып жатыр. Жалпы алаңы 6,5 гектар жерді абаттандыру жұмыстары кезінде 10 мың тоннадан астам қоқыс шығарылды. Көпірдің ұзындығы – 72 метр, ені – 3 метр.

Бөгет қайта жаңартылып, су айдыны 60 метрге кеңейді, демалушылар тамашалайтын  5 дана аққу, 4 дана үйрек пен ақ амур және карп сияқты 3000-ға жуық балық жіберілді.

Сондай-ақ, демалыс орталығының ашылуы барысында облыс әкімі мен мемлекеттік қызметкерлер, қала қонақтары мен ардагерлер жеміс көшеттерін отырғызды.

Сонымен қатар, жағалауда каналға шығатын 3 дана пирс, демалыс орындары, балалар ойын алаңдары, спорттық снарядтар, суда жүруге арналған катамарандар қойылып, каналдың бойында ұзындығы 700 м құрайтын жаяу жүргіншілер жолы салынады.

Қала мерекесінде тұрғындар мен қонақтарын қуантқан тағы бір жаңалық–  еліміздегі ең ұзын және ерекше субұрқақ лентасы Таразда қиылды. Көне шаһар тұрғындарына тамаша тарту болған 220 метрлік субұрқағы «Желтоқсан толқыны»  аллеясыда орналасқан.

Бұлақ боп атқылаған «Желтоқсан толқыны» субұрқағының ұзындығы – 220 метр. Алғашқы толқыны 86 деген монументальды мафтан басталады.

Субұрқақтың 2 жағында пырақтың, 14 дана барыстың және самұрықтың мүсіндері орналасқан. Толқындар субұрқақтың соңына жетіп, кері қайтқанда Тәуелсіздікті белгілейтін күн мен бүркіттің бейнесіне айналып, Егемендікке ұласады.

Субұрқақ ақ мәр-мәр тастан жасалған. Ал, “Желтоқсан толқыны” аллеясының аумағы 0,5 гектар, ені – 20 м. ұзындығы – 240 м. Құны – 284 млн. теңгені құрайды