19.11.2018 в 22:07

ЕЛЖАН БІРТАНОВ: НАУҚАСТЫҢ ӨМІРІН САҚТАП ҚАЛУҒА АТСАЛЫСУ КЕРЕК

Өңірде жедел жәрдем мен емханалар жұмысы қалай ұйымдастырылған? Медицина саласынада шешімін күткен қандай өзекті мәселелер бар? Жамбыл облысына жұмыс сапарымен келген Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов осы және өзге де сауалдар төңірегінде Тараз қаласындағы бірқатар медициналық мекемелерді аралап, жұмысымен танысты.

Еліміздің бас дәрігері жұмыс сапарын  №1 қалалық «Жанұя» емханасынан бастады. Мұнда әрбір азамат ақпараттық көмек құралы ретінде пайдалана алатын  Элсимед мобильді қосымшасы жайында мәлімет алып, жаңадан енгізілген «Денсаулықты басқару бағдарламасы» пилоттық жобасының нәтижелері таныстырылды. Дендеп бара жатқан қант диабеті, артериялық гипертензия сияқты диспансерлік тіркеуде тұрған науқастар санын төмендетуге, емханада  профилактикалық ем-дом жасаудың жандануына осы жоба септігін тигізбек.

Сонымен қатар, медициналық ұйымдарды аралау барысында министр денсаулық сақтау ұйымдарының инфрақұрылымдарымен, медициналық ұйымдардың жұмысымен, олардың материалдық-техникалық жарақтануымен танысты.

Е. Біртанов халыққа медициналық қолжетімді көмек және оның уақтылы көрсетілуін, денсаулық сақтау жүйесінің шеңберіндегі жаңа медициналық технологияларды және ақпараттық жүйелерді енгізу аспектілерін бақылады.

Министр аралаған келесі нысан қалалық №5 емхана болды. Мұнда қағазбастылық толықтай жойылып, цифрланған жүйедегі қызмет түрлері көрсетіледі.

Мекемеде жұмыс істейтін дәрігерлермен өткен  басқосуда министр әрбір сауалға жауап беріп, Елбасының 2018 жылғы 5 қазандағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтылған: "Медициналық қызмет сапасы халықтың әлеуметтік көңіл-күйінің аса маңызды компоненті болып саналатыны басты назарда екенін" айтып өтті.

Әрмен қарай Елжан Біртанов онкологиялық диспансердің құрылыс нысанының басына барды. 2020 жылы ел игілігіне тапсырылады деп жоспарланған нысанға республикалық бюджеттен 250 млн. теңге, жергілікті бюджеттен 83 млн. теңге бөлінген. Келер жылы толықтай медицина саласы компьютерленген жүйеге көшетін болса, шалғай жатқан елді мекендер де қалыс қалмауы қажет.

Топ мүшелері Жамбыл ауданына қарасты Гродикова дәрігерлік амбулаториясының да дайындығын пысықтады. Келесі кезекте №1 қалалық ауруханасына да ат басын тіреді.

Расында, қазір кез келген азаматты денсаулық жайы мен медицина сапасы алаңдатады.  Ем іздеп келген әр адам күйзелісте тұрса, тексеруге дейінгі ұзақ процедуралар одан әрі қажытады. Сондықтан да,  арыз-шағымдар жергілікті емханалар мен стационар және жедел қабылдаған бөлмелер  қызметіне көптеп түседі. Толассыз қағазды толтырып, уақытты созбай, науқастың өмірін сақтап қалуға атсалысу керек дейді бас дәрігер.

Сондай-ақ, министр бастапқы медициналық-санитариялық көмек көрсетуді жетілдіру, емханалардағы кезектер мәселелерін, профилактика және ауруларды емдеу бөлігінде азаматтарды ақпараттандыру деңгейін, халықпен кері байланыстың тиімділігін реттеу мәселелерін пысықтады.

Жұмыс сапары соңында, аймақтың денсаулық сақтау саласы қызметкерлерімен жиын өткізді. Онда ұсынылатын медициналық қызмет сапасының мәселелері, облыстағы дәрігерлерді кәсіби дайындау деңгейлері мен цирфландыру мәселелері көтерілді.