30.11.2018 в 16:10

ТАРАЗДЫҚТАРҒА СУ ЖАҢА ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМ КӨЛІКТЕРІМЕН ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТІЛМЕК

Енді Тараз қаласының медициналық жедел жәрдем стансасындағы халыққа қызмет көрсету сапасы артатын болды. Себебі бүгін стансаға су жаңа 27 жаңа көлік берілді. Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты  халыққа Жолдауындағы басым бағыттардың бірі -медицина саласы, халық денсаулығының сапасын арттыру. Жолдауда Нұрсұлтан Әбішұлы: «Медициналық қызмет сапасы халықтың әлеуметтік көңіл-күйінің аса маңызды компоненті болып саналады. Ең алдымен, әсіресе ауылдық жерлерде алғашқы медициналық-санитарлық көмектің қолжетімді болуын қамтамасыз ету қажет. Алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін қызметкерлерді ынталандыру үшін 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ауруларды емдеу ісін басқарудың жаңа тәсілдерін енгізген учаскелік медицина қызметкерлерінің жалақысын кезең-кезеңмен 20 пайызға көбейтуді тапсырамын. Осы мақсаттарға келесі жылы 5 миллиард теңге бөлінеді»- деп нақты міндеттеме жүктеді.

Қазақстан президентінің аталмыш тапсырмасы Жамбыл облысында саты-сатымен орындалуда. Міне, бүгін  Орталық “Достық” алаңында көлік кілттерін  облыс әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев салтанатты түрде табыстап, жүйелі жұмыстардың нәтижесін көрсетті.

– Облыста алғашқы медициналық-санитарлық көмектің қол жетімділігін қамтамасыз ету бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Алғашқы медициналық көмектің қол жетімділігін арттыру мақсатында облысымызда бүгінгі күнге қажетті 95 нысанның мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында ағымдағы жылы 30 нысан, 2019 жылы 40 және 2020 жылы 25 нысан салу жоспарланып отыр, – деп атап өтті Еркебұлан Дауылбаев.

Салтанатты жиынға облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Жандар Кәрібайұлы, жедел жәрдем қызметкерлері мен қала тұрғындары қатысты.

Бұдан кейін Тараз қаласына-4, Жамбыл ауданына-5, Байзақ ауданына-2, Жуалы ауданына-1, Қордай ауданына-5, Меркі ауданына-1, Мойынқұм ауданына-2, Талас ауданына -1, Шу ауданына -4, Сарысу, Т.Рысқұлов ауданына-1автокөліктен берілді.

– Адам өмірін қорғайтындықтан дәрігерлер қоғам өмірінде ерекше орын алады. 2016-2019 жылдар аралығындағы Денсаулық бағдарламасының арқасында бүгін жедел жәрдем стансасының қуанышты күні 27 автокөлік жаңартылып жатыр! Автокөлікке қосымша жаңа медициналық жабдықтар да алынған.