10.12.2014 в 11:43

Тарифтерге сараптамалық кеңес құрылады

Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаевтың айтуына қарағанда, заң жобасы табиғи монополиялар қызметінің ашықтығын арттыруға бағытталады. Сонымен қатар, құжатта табиғи монополияларға қатысты негізсіз шығындарды болдырмау, тарифтік үдерістерді оңтайландыру, тұтынушылар құқығын қорғау мәселелері қамтылып отыр. «Тариф қалыптастыру және монополистер қызметінің ашықтығын арттыру мақсатында тарифтерге сараптама жасау үшін Сараптамалық кеңес құруды заңдық негізде бекіту көзделеді. Бұдан бөлек, энергетика саласындағы доминанттарға бұқаралық тыңдаулар өткізу міндеті енгізіледі, есеп берулер мен бұқаралық тыңдаулар бойынша талаптар күшейтіледі. Ал негізсіз шығындарды алып тастау және тарифтік үрдістерді оңтайландыру мақсатында тарифтен қаржылық және техникалық сараптама шығындарын алып тастау көзделіп отыр», - дейді Ерболат Досаев. Министрдің сөзіне қарағанда, техникалық сараптама тек қана өңірлік электрлік компаниялар үшін жасалады, ал аудит акционерлік қоғам болып табылатын субъектілерге енгізіледі. Сонымен қатар, тұтынушылар құқығын қорғау мақсатында табиғи монополиялар субъектілері тарапынан қолданыстағы активтерді жаңғырту мен қалпына келтіру жөніндегі инвестициялық бағдарламаларға қаражат бағытталатын болады.  Бұдан бөлек, монополистер сыртқы ауа температурасы бойынша қайта есептелген қаражаттарды тікелей тұтынушыларға қайтаруға немесе оларды тарифтерді төмендету арқылы өтеуге міндетті болады.

«Бұдан басқа, депутаттар монополияға қарсы заңнаманы жетілдіруге бағытталған бірқатар түзетулер енгізді. Атап айтқанда, онда мемлекет басшылары деңгейінде Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес бекіткен «Бәсекелестік туралы» үлгілік заңының нормаларын имплементациялау, нарық субъектілерін монополияға қарсы заңнаманы бұзуға алып келетін іс-әрекеттерді жасаудан алдын ала сақтандыру институтын енгізу, бәсекелестікке қарсы келісілген іс-әрекеттерді немесе келісімдерді жасағаны үшін әкімшілік жауапкершіліктен осы құқық бұзушылық туралы хабарлаған тұлғаны босату сияқты өзгерістерді көзделген», - деді министр.