01.11.2019 в 17:59

Тізгін және 100 күн

2018 жылы 19 маусымда Елбасы Шымкентке республикалық маңызы бар қала мәртебесін беру туралы жарлық шығарды. Осылайша көне де жаңа қала еліміздегі он жетінші аймаққа айналды.

Шымкенттің республикадағы үшінші мегаполис мәртебесіне ие болуы шаһардың өсіп-өркендеуі мен жан-жақты дамуына зор серпін беріп отыр. 2200 жылдық тарихы бар көне қаланың жаңа келбеті қалыптасып, миллионды шаһар дамудың даңғыл жолына түсіп, жаңа мүмкіндіктерге ие болуда.

Бұрын жалпы жер көлемі 40 мың гектар болған қала аумағы бүгінде 117 мың гектарды құрайды. Үшінші мегаполиске Сайрам, Төлеби және Ордабасы аудандарынан 41 елдімекен қосылды. Шаһар көлемінің ұлғаюына байланысты жаңадан Қаратау ауданы құрылды. Бас жоспарға сәйкес, Шымкенттің шекарасы 3 есеге ұлғайды. Қала аумағы кеңейген соң әрине жұмыс ауқымы да айтарлықтай артқаны белгілі.

Шалғайдағыларға – шынайы назар

Бұл орайда қызметіне кіріскеніне 100 күн толып отырған Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов шаһардың әлеуметтік-экономикалық даму динамикасына елеулі үлесін қосып үлгерді. Әкім келген бетте-ақ жұмысының басты бағытын ең өзекті мәселелердің бірі ретінде қаланың шалғай елді-мекендерін дамыту мәселесіне ден қоюдан бастады. Шымқалаға жаңадан қосылған «Исфиджап», «Жаңаталап», «Сайрам», «Игілік» елді мекендері тұрғындарымен кездесулер өткізіп, олардың мұң-мұқтажымен танысты. Тұрғындарды толғантып отырған басты проблемалар – қажетті инфрақұрылымдар, атап айтқанда сапалы ауыз су, газбен жабдықтау, электр қуаты, жол, кәріз жүйелерінің жеткіліксіздігі, қоғамдық көлік мәселесі алдыңғы кезекте шешілуі керектігіне мән берді және осы жұмыстарды жүйелі қолға алуды талап етті.

Ерлан Қуанышұлы «...жергілікті билік, қаланың әр тұрғынына, олардың тұрғылықты мекен-жайына қарамастан, бірдей жағдай жасауы қажет, яғни өмір сүруге қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру, бұл – Елбасымыз және Президентіміздің әкімдерге қойған басты талабы», деп ашып айтты.

Үшінші мегаполис атанған Шымкенттің алдында тұрған ауқымды міндеттерді саралау мақсатында Қасым-Жомарт Тоқаев Ерлан Айтахановты қабылдап, жаңа әкімнің Түркістан облысынан қалаға қосылған елдімекендерге жол салу, газ тарту, электр жарығымен және ауыз сумен қамту бойынша жоспарымен танысты.Кездесу соңында Қасым-

Жомарт Тоқаев Ерлан Айтахановқа қала тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру бойынша бірқатар нақты тапсырмалар берді. Осы бағыттағы жұмысты жүйелендіру мақсатында қала басшысы әр ауданды секторға бөліп, өзекті мәселелер көрсетілген әлеуметтік карта әзірлеуді салалық басқарма басшылары мен аудан әкімдеріне тапсырды

Бүгінде тапшылықтарды жою үшін республикалық бюджеттен 6,2 млрд теңге қосымша қаражат бөлінуде. Мәселен, жыл соңына дейін Айкөл, Ақжар, Сайрам елдімекендеріне сапалы ауыз су жүргізіледі. Оған қоса Достық шағынауданынан басталатын магистралды су құбыры аяқталып, нәтижесінде Ынтымақ, Жаңатұрлан, Батыс елдімекендеріне су беру мүмкіндігі пайда болады. Сонымен қатар, таяуда ғана қоғамдық көлік мәселесі шешілген Тұран шағынауданындағы «Әдия» және «Отау» тұрғын үй кешендеріне баратын жол құрылысына да қосымша қаржы қаралды. Жалпы, алдағы уақытта шалғайдағы елдімекендердің жол-инженерлік инфрақұрылым жүйелеріне қаржы қаралатын болады. Спорт және мәдениет нысандарына да алдағы жылы қаражат қарастырылады.