02.04.2021 в 15:58

ШАЛҒАЙДАҒЫ ШАҒЫНАУДАНДАРДЫҢ ЖОЛЫ ЖАҚСАРМАҚ

Биыл миллионды қаланың 3247 шақырым жолы жөнделеді деп жоспарлануда. Оның басым бөлігі яғни, жұмыстың 90 пайызы шалғайдағы шағынаудандарға бағытталып отыр екен. Ал, қала орталығындағы магисталды 9 көшенің жағдайы жақсармақ. Олардың қатарында өтпелі нысандар, Республика даңғылы мен Тұрар Рысқұлов  көшелері бар. Биылға межеленген жұмыстардың бүгінде толығымен мердігерлері анықталған. Алайда, ауа-райының қолайсыздығы жол құрылысын бастауға қолды байлап отыр, дейді салаға жауапты қала әкімінің орынбасары.

Мақсұт Исахов – Шымкент қаласы әкімінің орынбасары

Қаланың 4 ауданы бойынша жіліктеп айтар болсақ, биыл Абай ауданында 81 шақырым ішкі орам жолдары төселеді деп күтілуде. Ал, Әл-Фараби ауданы бойынша 6,5 шақырым, Еңбекші ауданы бойынша 64,5 шақырым, сонымен қатар, Қаратау ауданы бойынша 90 шақырым жол салынады екен. Сондай-ақ, күрделі жөндеу жұмыстары да күн тәртібінен түспек емес. Бұл мақсатта шаһардың 50 шақырымға жуық жолы жаңартылады деп жоспарлануда.

Ержан Жолдасов – Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы

Қала көшелерінде кептеліс тудырмауға көп көмегін тигізіп жүрген оң жақ өткелдердің саны биыл 11-ге артатын болды. Сонымен қатар, шаһар бойынша 60 шақырым аяқ жол төселіп, 256 аянышты күйге енген аялдамалар жаңартылады деп жоспарлануда. Жалпы алғанда, бұл жұмыстардың бәрі 32 млрд теңге қаралыпты. Нәтижесінде, Шымкенттің 63,6 пайыз жолы жақсарады деп күтілуде. Айта кетейік, бүгінгі баспасөз отырысында  қозғалған Дінмұхамед Қонаев көшесіндегі жолайрық құрылысы, жыл соңына дейін аяқталады деп сендірді салаға жауапты басшылар. Ал, қоғамдық көлік мәселесі бойынша, ағымдағы жылдың аяғына дейін 590 су жаңа автобустар жолға шығып, халықтың қатынауына қолайлы жағдай туатын күн де алыс емес секілді.