24.01.2015 в 19:48

ОҚО Ішкі саясатының жұмысы жоғары бағаланды

ОҚО әкімі Асқар Мырзахметовтың төрағалығымен өткен мәжілісте облыстық ішкі саясат және дін істері басқармасының басшысы Берік Құрманғали 2014 жылы атқарылған жұмыстар және алда тұрған міндеттер жайлы есеп берді. Бұл туралы ОҚО әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

 Басқарма басшысы мекеменің іс-шаралар жоспары мен салалық және орталық мемлекеттік органдардың аумақтық құрылымдарымен бірлесе жасалған жұмыс жоспарларының барлық тармақтары орындалғанын мәлімдеді. Есепті кезеңде мекемеге 5,5 мыңға жуық құжат келіп, орындалуы қамтамасыз етілген.

ҚР Президентінің Қазақстан халқына арнаған «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» Жолдауын халыққа түсіндіру мақсатында 205 ақпараттық топ жасақталып, 820 мың халық қамтылған 2 мыңнан аса кездесулер өткізілген.

Облыс әкімінің бастамасымен қолға алынған «Ырыс алды – ынтымақ» қоғамдық форумының екі мәжілісі өтіп, «Ұлттық идеямыз – Мәңгілік Ел, ұлысымыздың атауы – Қазақ Елі», «Тұрақтылық тұғыры – татулық» тақырыптары талқыланған.

Мемлекеттік рәміздерді насихаттау және қолдану бойынша әдістемелік құралдар әзірленіп, семинар ұйымдастырылған. Облыстағы мемлекеттік рәміздерді пайдалану, қолдану және насихаттау жөніндегі есебі ҚР Мемлекеттік хатшысы Г.Әбдіқалықованың төрағалығымен өткен Мемлекеттік рәміздер жөніндегі республикалық комиссияда қаралып, облыста бұл бағыттағы атқарылған жұмыстарға оң баға берілген.

Есепті кезеңде басқарма тарапынан мемлекеттік идеологияны іске асырып, бекемдеу, патриоттық рухты қалыптастыру, отбасы құндылықтарын насихаттау, журналистердің кәсіби шыңдалуына жағдай жасау бағыттарында бірнеше ауқымды жобалар қолға алынып іске асқан. Атап айтқанда, «Егемендік тұғыры-Ата Заң» форумы, «Тәуелсіздік – ғасырлар күресінің жемісі», «Ел дамуындағы Тұңғыш Президенттің рөлі» атты ғылыми-практикалық конференциялары, «Мәңгілік Ел» патриоттық актісін қолдау бойынша салтанатты шарасы өтіп, Е.Қарин бастаған елімізге белгілі саясаттанушылардың қатысуымен «Мәңгілік ел – Ұлттық идеямыздың түп қазығы» республикалық конференциясы, отбасы құндылықтарын дәріптеу мақсатында «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының облыстық кезеңі ұйымдастырылып, түркістандық Бимаханбетовтер отбасы республикалық байқауда бірінші орын иеленді. Жазушы, қазақы дәстүрлерді насихаттаушы Зейнеп Ахметовамен, Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Асанәлі Әшімовпен кездесулер ұйымдастырылды, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы президиумы өкілдерімен бірлесе «Ордабасы: кеше, бүгін және ертең» «дөңгелек үстел» мәжілісі, демеушілердің қолдауымен Шымкентте белгілі суретші Аңсаған Мұстафаның «Сөйле, сурет!» жеке көрмесі, «Сен жанбасаң лапылдап!» жас ақындардың аймақтық жыр мүшәйрасы өтті. Журналистердің біліктілігін шыңдауға бағытталған 7 шара өтіп, облыс тілшілері елімізге танымал қаламы қарымды журналистерден журналистік зерттеу жүргізу мен сұхбат алу, тележурналистиканың өзіндік ерекшеліктері және интернет медиа-технологиясын меңгеру тәсілдері бойынша шеберлік сабақтарын алды. Мұндай шаралар аудан, қала журналистері үшін де ұйымдастырылып, Кентауда «Баспа өнімдерін интернет желісінде таратуға бейімдеу және газетті көркемдеудің ерекшеліктері» семинар-тренингі, Отырар ауданында Кореяның «Кorea Неrald» газетінің тілшісі Филипп Дорсейдің қатысуымен «Қазақстан шетелдік журналист көзімен» атты семинар өткізілді. Өңірімізде заманауи технологияларды ақпараттық саясатта қолдануды жетілдіру мақсатында әлеуметтік желілерде ықпалды қоғамдық пікір қалыптастыра алатын 11 блогердің және белді ақпараттық порталдардың жетекшілерінің қатысуымен жаңадан ашылған кәсіпорындарға блог-тур ұйымдастырылды.

Облысымыздағы 8 саяси партия филиалдарының өкілдерін басын қосқан жиындар өтіп, қоғамдық маңызға ие мәселелерді бірлесе шешу жөнінде келісім жасалды. Қоғамдық бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйымдардың қызметіне зерделеу жұмыстары атқарылып, үкіметтік емес ұйымдарды мемлекеттік қолдау мақсатында 11 әлеуметтік жобаға тапсырыс берілді.

Облыстағы этносаралық қатынастарды нығайтудың механизмдерін жетілдіріп, этномәдени бірлестіктердің жұмысын насихаттау мақсатында әдістемелік және тәжірибелік қолдаулар көрсетілді. Осы орайда басқарманың міндетіне сай «Ырысы мол, өрісі кең тәрбие – отбасынан басталар!» дөңгелек үстел мәжілісі, «Қазақстанның Азаматтық Альянсы» қауымдастығының президенті Н.Ерімбетовтің қатысуымен үкіметтік емес ұйымдарды мемлекеттік қолдау мәселелеріне арналған кеңес, шетелдерден Атажұртқа қоныс аударған оралмандарды қоғамға бейімдеу жөніндегі жиын, «Қазақстандағы этносаралық келісім» тақырыбында семинар-кеңес тәрізді басқа да мазмұны терең шаралар ұйымдастырылған. Аға буын өкілдерінің елдің әлеуеті мен бірлігін, ынтымағын арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар бойынша ой-пікірлерін, өзекті мәселелер бойынша ұсыныстарын тыңдау мақсатында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының ардагерлермен кездесуі өткізілді.

Басқарма басшысының есебін тыңдаған облыс әкімі Асқар Мырзахметов басқарма тарапынан былтырғы жылы ауқымды шаралар ұйымдастырылғандығын айта отырып, мемлекеттік идеологияны бекемдеуде халықпен тығыз байланыс орнату керектігіне назар аударды. Осы орайда қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдардың мүмкіндігін пайдалануымыз қажет деді өңір басшысы. Әкімдік қызметкерлері мен партиялық ұйымдар өткізетін қоғамдық қабылдауларда облыс тұрғындарының айтқан талап-тілектерін зерделеп, талдауды жүктеді. Биылдан бастап басқармаға дін істері жөніндегі міндеттер жүктеліп отырғандығын айтып, діни экстремизмнің алдын-алуға бағытталған қоғамдық шараларды күшейтуді тапсырды.