03.10.2022 в 14:18

Үлгілі отбасы - ұлық мемлекеттің тұғыры

Отбасылық зорлық-зомбылық көсеткішінен еліміз  бойынша оңтүстік өңірлер алдыңғы қатарда. Бұл бүгінгі таңдағы мәселелердің өзектісі болып тұр. Осы олқылықпен күресуге еліміздің бас партиясы бел буған. Осыған байланысты «AMANAT»партиясы Шымкент қалалық филиалы арнайы жиын ұйымдастырды. 

Мемлекет басшысы Жолдауда халықтың көкейінде жүрген өзекті әлеуметтік-экономикалық мәселелер бойынша шешімдер ұсынып, тапсырмалар берді. Тапсырмаларды жүзеге асыруға «AMANAT» партиясы белсене қатысып, реформаларды түсіндіру жұмысына атсалысуда. Жиында әуелі  жолдауда айтылған мәселелер талқыланды. 

Мемлекет отбасыдан басталады. Жақынына зомбылық  көрсететін, берекесі қашқан отбасылар тұғырлы мемлекеттің тірегі бола алмайды. Сондықтан осы мәселені дер кезінде шешу керек –дейді партия мүшелері. Халқы тығыз орналасқан өңірлерде көрсеткіштің де көп болуы заңдылық. Десекте жайшылықта күнделікті жағдайдай көрінетін отбасылық зорлық-зомбылықты қоғамдық дертке айналдырмау басты назарда. 

 «AMANAT» партиясы  жанынан Отбасы және халықты әлеуметтік қорғау кеңесі құрылған. Ол мегаполистегі  68 полиция учаскесімен бірлесіп тұрмыстық кикілжіңнің алдын алу шараларын атқарып келеді. Сонымен қатар  тоқсан сайын жиын ұйымдастырып мониторинг жұмыстарын жүргізеді. Отбасыдағы кикілжіңге  себеп көп.  Жастардың отбасылық өмірге дайын еместігі де осы олқылыққа түрткі болуда. Қазіргі таңда   Отбасылық зорлық - зомбылықты қылмыс санатына жатқызу мәселесі көтеріліп жатыр.