Түркияның жер сілкінісі болған қалаларына түрік тілін еркін меңгерген қазақстандық тоғыз дәрігер барады. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке Түркияның оңтүстік-шығысында болған жойқын жер сілкінісінің салдарын еңсеруде шұғыл көмек көрсетуді тапсырды. Осы тапсырмаға сәйкес еліміз бойынша Түркияға медициналық көмек көрсету үшін дәрігерлер бригадасын құру тобының құрамына Түркістан облысынан 9 дәрігер жіберілді», - делінген ақпаратта.
Тізімге алынған Түркістан облыстық клиникалық аурухананың дәрігерлерінің қатарында терапевт, ортопед, нейрохирург, ангиохирург, проктолог, хирург, невролог мамандары бар.
Олардың барлығы түрік тілін еркін меңгерген.