Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу соты Арман Жұмагелдиевті қамауда ұстау уақытын тағы бір айға ұзартты.
Соттың баспасөз қызметінің хабарлауынша, «Дикий Арман» лақап атымен белгілі Арман Жұмагелдиев 2023 жылдың 7 сәуіріне дейін қамауда болады.
6 наурызда сот қаулысымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру органының өтінішхаты қанағаттандырылды. Қылмыстық іс материалдарымен танысу кезеңінде Жұмагелдиевтің қамауда болу мерзімін 1 айға дейін, яғни 2023 жылдың 7 сәуірге дейін ұзартуға санкция берілді, - делінген ақпаратта.
Бұған дейін Бас прокуратура Арман Жұмагелдиевтің Ұлттық қауіпсіздік комитетіндегі куратордың нұсқауымен жұмыс істегенін анықтады.
Жұмагелдиев тәртіпсіздік ұйымдастырып, көпшілікті бақылауға алуы қажет болған. Сондай-ақ билікке талап қою үшін «халық кеңесін» құру туралы тапсырма алған.
Оған Алматы қаласы мәслихатының бұрынғы депутаты, Махатов криминалдық тобының белсенді мүшесі белсенді көмектесті. Ол Алматыдағы «Қазақстан» қонақүйіне ұйымдасқан түрде келген бандиттерді қаруландырған. Алайда олар жаппай наразылықты басқара алмады. Адамдар олардың артынан ермеді, - деді Берік Асылов.
ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы ұсталғанын естіген соң, қылмысқа қатысы жоқ екеніне сендіру мақсатында содырларға тонаумен күресу үшін қала тұрғындарына шабуыл жасау тапсырылды.
6 қаңтарда олар «Ritz Carlton» және «Қазақстан» қонақ үйлерінің паркингтерінде 24 азаматты ұрлап, ұрып-соғып, ұстаған.
Кейін оларды қаланың шетіне апарып, ҰҚК қызметкерлерінің қарулы күзетімен контейнерде түнеткен.
Сосын оларды әуежайға жеткізген, сол жерде Өтепбаев азаптаудан қайтыс болған.