07.04.2023 в 23:01

Түркістанда IT мектебі ашылды

Түркістан қаласында алғашқы көпсалалы IT мектебі ашылды. Бұл оқу орталығы 20-дан астам бағытта білім береді. Заманауи мамандарды дайындайтын мұндай мекеменің санын көбейту жоспарланғанын айтады мамандар. Жаңадан ашылған білім ордасына Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды арнайы барып, жұмыс барысымен танысты.

 Есептеу техникасы және бағдапрламамен қамтамасыз ету мамандықтарына деген сұраныс жоғары. Әсіресе, халыққа көрсетілетін қызметтер цифрландырып жатқан тұста. Осыны ескерген Нұржан Сыздықов еліміздің рухани орталығынан IT мектебін ашуды армандаған. Ол бұл жобаны ойластырғанына бірнеше жыл болғанын жеткізді.

 Жаңа білім ошағында IT саласы бойынша халықаралық және республикалық байқаулардың жеңімпаздары, цифрлық саланың майталмандары жаттықтырады. Онда бір уақытта 80-нен астам баланы оқытуға мүмкіндігі бар. Мектеп заманауи құрал-жабдықтармен және робототехника кабинеттерімен жабдықталған. Оқушылар үшін балаларда цифрлы білім мен дағдыларды дамытуға бағытталған арнайы білім беру бағдарламалары әзірленген.

Мектепте 10 жастан бастап білім алуға болады. Оқушылар әлемдік деңдейгегі компаниялар пайдаланатын бағдарламаларымен жұмыс істеп үйренеді. Кәсіптік бағдарламалау курстары микроконтроллер платформаларын басқаратын жүйелер үшін бағдарламалық жасақтама жасауды үйретуге арналған.