Жол саласына мамандар керек. Оқытушылардың айтуынша, жол-көлік колледжінің студенттеріне деп берілген гранттың біразы бос қалады екен. Жолшылардың жетіспеушілігін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің «Еңбекті дамыту орталығы» да растайды. Олардың айтуынша, Қазақстандағы ең көп сұранысқа ие бос жұмыс орны жол қызметкері.
Бұл жол-көлік колледжінің 3-курс студенті Нұрсұлтан Даниярбек. Мамандығы – автокөлік жолдарын салушы. Таныстарынан естіп, өз қалауымен осы саланы оқимын деп шешкен.
Мемлекет техникалық және жаратылыстану мамандықтарына көбірек грант бөледі. 2022-2023 жылдарға 17 794 грант Инженерлік, өңдеу және құрылыс салаларына берілген. Ең азы - гуманитарлық, әлеуметтік ғылымдар, журналистика және ақпарат салаларына тиесілі. Бірақ жастар экономист, заңгер болғысы келеді. Ұстаздар бұл үлкен мәселе екенін айтады.
Жастарды жолшы мамандығына қызықтырып, кәсіби бағдар беру маңызды. Қазір аталған оқу орнында 1500-ге жуық студент білім алады. Оның 75-і ғана жол салушы мамандығында оқиды. Жол активтері ұлттық сапа орталығы 4 жылдан бері шәкірттермен кездесу өткізеді.
Қазақстан жол ұзындығы бойынша әлем елдерінің рейтингінде 32-орында. Бір өкініштісі - жол сапасы бойынша 93-орында тұр.