19.04.2023 в 14:40

Әскери қызметкерлер тегін оқиды

Әскерге барып, диплом ал! Шымкенттегі механикаландырылған бригаданың қызметкерлері тегін жоғары білім алады. Бұл жайында Шымкент қаласы гарнизонының баспасөз қызметі хабарлап отыр. Мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер қызу дайындық үстінде.

 

Осы көктемде бүкіл ел бойынша мерзімді әскери қызметін өтеген азаматтар оқитын болды. Белгіленген уақытын өтеген және орта мектепті бітіргені туралы аттестаты болуы керек. Техникалық, кәсіптік, орта білімнен кейінгі немесе жоғары білімі барлар да жеңілдікке ие. 3000-ға жуық әскери қызметші еліміздің 70-тен астам жоғары оқу орнына түсе алады.

 

Механикаландырылған бригадада осы көктемде 120 сарбаз мерзімді әскери қызметін аяқтайды. Олардың арасында жауынгерлік дайындығы мен тәртібі түзу боп көзге түскендер бар. Солардың бірі - қазір жүргізуші қызметін атқарып жүрген қатардағы жауынгер Нұрмұхаммед Авид. Қызмет аяқталғаннан кейін ол университетке "Спорт және туризм" факультетіне түсуді жоспарлап отыр.

 

Әскери бөлімдерде университетке түсуге ниеттілер үшін сабаққа дайындалуға уақыт беріледі. Ал оқуға түсуге жеңілдіктер алу үшін құжаттар тізімін ұсынса, болғаны. ХҚКО-да берілетін мерзімді әскери қызметті өткеру туралы анықтама, сарбаз билетінің көшірмесі керек.