25.04.2023 в 15:04

Екі бірдей жер асты өткелі салынып жатыр

Шымкентте бір мезетте жаяу жүргіншіге арналған 2 бірдей жер асты өткелі салынып жатыр. Екеуі де Алаш базарының маңында. Бүгінде Темірлан тас жолы мен А-2 Алматы айналма жолында құрылыс жұмысы басталып кеткен. Ал, көлік құралдары үшін жол жартылай жабылған. 

 

Қаланың бас жоспарына сәйкес салынып жақан жер асты өткелінің құрылысымен танысуға барған едік, мұндағы жұмыс екі-үш күнге уақытша тоқтағанын естідік. Оған құрылыс аумағында жер астынан жүргізілген коммуникациялық жүйелердің кедергі болуы себеп дейді мердігер мекеме өкілі. Сондықтан болар мұндағы техникалар жұмыссыз тұр.

 

Жаяу жүргіншілер жер асты өткелінің Темірлан тас жолындағысының ұзындығы 38,6 ені 6,1 метр болса, А-2 Алматы айналма тас жолындағысының ұзындығы 36,5 метрді құрайды. Оның ені 6,8 биіктігі 2,6 метр. Құрылыс аяқталған соң өткел іші жарықтандырылып, бейнебақылау камерасы орнатылады. Ал, жаратылысы ерекше жандар үшін арнайы пандус қойылмақ. Еске сала кетейін құрылыс барысында Темірлан тас жолының бойынан 12 ағашқа балта шабылады.

 

Айта өтейік, жалпы екі жер асты өткеліне жұмсалатын қаржы көлемі 900 миллион теңгеден асады. Жауаптылар құрылыс жұмысы тамыз айында аяқталып, ел игілігіне беріледі деп отыр.