25.04.2023 в 15:12

Бокстан жастар арасындағы VII халықаралық турнир басталды

Шымкентте Қоғам қайраткері, Бокстан КСРО спорт шебері, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жаттықтырушы Амалбек Тшановтың 80 жылдық мерейтойына арналған бокстан жастар арасындағы VII халықаралық турнир шымылдығын түрді. Жарысқа алыс-жақын шет мемлекеттер мен еліміздің түкпір түкпірінен 140 жуық былғары қолғап шеберлері қатысып, өз бақтарын сынауда.

 

Осымен жетінші мәрте өткізіліп отырған ел ағасының турнирі 80 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп отыр. Жарыстың ашылу салтанатына арнайы қатысқан қала әкімі Мұрат Әйтенов қоғам қайраткеріне деген өз құрметін көрсетті.

 

Еліне қызмет ете жүріп, спорттанда бір сәтке қол үзбеген Амалбек Қозыбақұлы талай таланттың шамын жаққан тұлға. Әсіресе, боксқа қарай, бүйрегі бұрып тұратын ел ағасының КСРО спорт шебері, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жаттықтырушы деген атақтарын бірі білсе, енді бірі біле бермесі анық. 80-нің сеңгіріне шықса да Амалбек аға әлі күнге дейін спорттан қол үзбегенін айтады.

 

Жарысқа алыс-жақын шет мемлекеттер мен еліміздің түкпір-түкпірінен 140 жуық былғары қолғап шебері қатысуда. Олар 13 салмақ дәрежесі бойынша сынға түспек. Жалпы, сайыста өзге елден келген және еліміздің халықаралық, бірінші ұлттық дәрежедегі атағы бар 16 төреші төрелік ететін болады.

 

Халықаралық турнирдің алғашқы күнінде қарсыласын нокаутпен жеңген Бекқожа Жақсылықов бұл жарысқа ұзақ уақыт дайындалғандарын айтады. Бабында тұрған жігіттер оңтүстіктің намысын қолдан бермейміз, деп отыр.

 

Жалпы, 5 күнге жоспарланған жарыста кіл мықтылар 28 сәуір күні марапатталатын болады. Бұл ретте, дәстүрге айналған турнирдің жүлде қоры да қомақты.