26.04.2023 в 15:18

Қайнарбұлаққа сапалы жарық қосыла бастады

Шымкенттіктер биыл 100 % сапалы жарықпен қамтылады. Осы орайда, 8 елді мекенде электр желісін тарту жұмыстары жүргізілуде. Олар Қайнарбұлақ, Нұрсәт, Түркістан, Батыс, Тұран, Ақжар, Бозарық пен Асардың жаңа құрылыс аумақтары. Аталған шағын аудандардың ішінде алғаш болып Қайнарбұлақта абоненттеу жұмыстары басталды. 

 

Өткен жылдың желтоқсан айында басталған Қайнарбұлақтағы жарық жүйесінің құрылысы араға 5 ай салып аяқталды. Бүгінде абоненттеу жұмыстары жүргізілуде. Мердігер мекеме «Мерей и Ко» ЖШС-і тұрғын алаптағы 2760 үйге дейін электр желісін тартқан.

 

Қайнарбұлақтықтар осы уақытқа дейін жекенің трансформаторына телміріп келген. Жарықтың бағасына сапасы мүлдем сай келмейтін еді, деген олар мемлекеттік қуат көзіне қосылуды ұзақ күткендерін айтады.

 

Қала шетіне қоныстанған ағайынды жарық мәселесінен бөлек ауыз су, көгілдір отынның да жайы қинап келеді. Осы орайда, халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында 329,8 шақырым ішкі орамдық жүйе тартылуда. Нәтижесінде, 8000 үй қамтылады деп жоспарланған. Мердігер мекеме «Мелиратор» ЖШС тұрғын алабтың оң қапталындағы 2000 жуық үйге таза су беріп үлгеріпті.

 

Шалғайдағы шағын ауданға бүгінде таза су жүйесімен қатар, көгілдір отынның құбыры тартылуда. Өткен жылдың тамыз айында бастаған табиғи газ жүйесінің жұмысы 490 шақырымды құрайды. Нәтижесінде, 7186 үй қамтылады деп жоспарланған. Қазіргі таңда, газды реттеу жәшігін орнату мен жер жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Құрылыс келесі жылға өтпелі.