«Саутс ойл» мұнай-газ компаниясына 20 жыл! Ширек ғасырға жуық тарихы бар компания Шымкенттің ғана емес, еліміздің экономикасына зор үлес қосып отыр. Мерейтой қарсаңында үшінші мегополисте ғылыми-практикалық конференция өтіп жатыр. Мұнай-газ саласындағы түйіткілді мәселелерді шешу жолдары мен кен орындарын барлау келешегі талқыланды. Пленарлық отырыстың ашылуы салтанатына қала әкімі, премьер-министрдің кеңесшісі мен министрлік өкілі, сондай-ақ мұнай-газ саласының ардагерлері мен мамандары қатысты.
Конференцияның ашылуына орай пленарлық отырысқа Қазақстандық-мұнайшы-геологтар қоғамының президенті Балтабек Қуандық модераторлық етті. Онда компанияның бүгінге дейін жеткен жетістіктері айтылып, іске асырылып жатқан жобалары туралы хабарланды.
Еліміздегі мұнай-газ, тау-кен өндірісінде 20 жылдық тәжірибесі бар компанияны мерейтойымен қала әкімі Мұрат Әйтенов құттықтады. Премьер-министрдің кеңесшісі, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің комитет төрағасы да компания жұмсысына табыс тіледі.
Ғылыми-практикалық конференцияның тақырыбы «Оңтүстік Торғай мұнайлы-газды алабының мезозой және палезой түзілімдеріндегі алыну қиын дәстүрлі емес мұнай мен газ кеніштерін іздеу, барлау және игеру жолдары» деп аталады. Мұнда 27-28 сәуір күндері мұнай-газ саласына қатысты мамандар екі секцияға бөлініп, дәрістер, семинарлар мен тәжірбие алмасу сағаттары ұйымдастырылады.
«Саутс Ойл» компаниясының жобалар портфелінде – индустрияландырудың мемлекеттік бағдарламасы бойынша іске асырылатын 10 ірі инвестициялық жоба бар. Бұл өңдеу өнеркәсібі, тау-кен өндірісі, энергетика, қызмет көрсету, білім беру, медицина сияқты әртүрлі салаларды қамтитын кәсіпорындар.