1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні. Осыған орай мегаполистегі этнос өкілдері бас біріктірді. Маңызды шараға Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Оңтүстік Қазақстан облыстық тарихи өлкетану мұражайы мұрындық болған.
Бақ ынтымаққа, ынтымақ бірлікке барады. Қазақтың осы сөзін еліміздегі өзге этнос өкілдері жақсы түсінеді. Себебі бірлігі сөгілген кейбір шет мемлекеттердің халқы балапан басымен тұрымтай тұсымен кетуде. Жиынға қаладағы түрлі этно-мәдени бірлестіктердің төрағалары мен өкілдері, Халықтар достығы университетінің студенттері қатысты. Шаһар тұрғындарының ынтымағына атсалысып жүрген әжелер ән салып өзге ұлт өкілдеріде өнерін ортаға салды.
Қазақта «Бірлік түбі – береке» деген нақыл сөз бар. Біздің жеткен жетістіктеріміздің түп қазығы татулық пен бірлігімізде. Қазақстан халқының бірлігі күні бүгінгі таңда бейбіт өмір мен ынтымақта тұрмыс кешіп отырған ел тұрғындары үшін ыстық ықылас пен достық ниеттің дәстүрі, асыға күтер мейрамы. Этнос өкілдері арасында өз салтын сақтап ғана қоймай мемлекеттік тіл мен қазақ дәстүрін дәріптеп жүргендер бар.
“Бірлігі бар елдің, белін ешкім сындырмас” Бұл күн – әрбір қазақстандық үшін де туған жерге деген сүйіспеншілік пен патриоттық сезімнің, азаматтық борыш пен жалпы ұлттық келісімнің мерекесі.Еліміз Тәуелсіздік алғаннан бері халықтар арасындағы татулық пен ынтымақ еш бұзылмай, бүгінге дейін түрі басқа тілегі бір, жүзі басқа жүрегі бір, діні басқа ділі бір қаншама этнос өкілдері бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп, бірліктің жарқын үлгісін көрсетіп келеді.