03.05.2023 в 00:13

Жанармай мен азық-түлік бағасына бақылау күшейді

Түркістан облысында мұнай өнімдерінің қоры 9 күнге жетеді. Бұл туралы облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұргүл Әбдіразақова мәлімдеді. Сонымен қатар облыс әкімінің төрағалығымен өткен мәжілісте азық-түлік қауіпсіздігі мен бағаны тұрақтандыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар да сараланды.

Қазіргі таңда жанамай бағасын тұрақты ұстап тұру күнтәртібінде күйіп тұрған тақырыптың бірі. Осы мәселеге қатысты Түркістан облысының әкімі Дархан Амангелдіұлы жиі жиын өткізіп, мамандарға бақылауды күшейте түсуді тапсырып келеді.

Салаға жауапты мамандар тапсырмаға сай тиісті жұмыстар дер кезінде атқарылып келе жатқанын айтады. Сөздеріне сенсек, жанармай тапшылығына және оның бағасын тұрақты ұстап тұруға байланысты шаралар бір сәтке де шеткері қалмаған.

 

Халықтың қалтасына салмақ салатын тағы бір мәселе азық-түлік тауарларының бағасы екенін ескерсек, бұл бағытта да облыс әкімі тиісті тапсырмалар беріп, мамандарды жұмысты ширатуға шақырып келеді. Ресми мәліметке сүйенсек, биыл ерте пісетін көкөністер 20 мың гектарға жуық алқапқа егілген. Олардың қатарында картоп, қырыққабат, пияз, сәбіз бар. Егіс алқаптарынан 460 мың тоннаға жуық көктемгі өнім жинау жоспарлануда.

 

Мамандар өңірде әртараптандыру арқылы жоғары рентабельді дақылдардың алқаптарын ұлғайту бойынша жұмыстар жалғасып жатқанын жеткізді. Сондай-ақ, өнімдерді сақтау қоймаларын арттыру бойынша тиісті жұмыстар атқарылып келеді. Қазіргі таңда облыста жалпы сыйымдылығы 38 мың тоннаны құрайтын 20 бірлік жеміс-көкөніс сақтау қаймалары бар. 2023-2025 жылдарға жалпы құны 21 млрд. теңгеге сыйымдылығы 86 мың тонна арналған 15 бірлік заманауи үлгідегі жеміс-көкөніс сақтау қоймаларын салу жоспарланып отыр.