17.05.2023 в 14:29

Шымкентте 5 базар заманауи талапқа сай қайта жаңғыртылуда

Шымкентте 5 базар заманауи талапқа сай қайта жаңғыртылуда. Олар Алаш, Самал, Авто Нұр, Айна және Орталық қырғы базары. Модернизациялау жұмыстарының нәтижесінде, сауда қатарларының қызметі ұйымдастырылып, базар аумағын күтіп-ұстау, оны жабдықтау және жарықтандыру жүйелері талапқа сәйкестендірілуде.

 Айна базары аумағындағы жүргізілген жаңғырту жұмыстарының нәтижесінде, сауда қатарлары ретке келтіріліп, жабдықталуы мен жарықтандырылуына баса назар аударылған. Сондай-ақ, базар аумағының тазалығына да барынша мән беріледі. Мұндағы, азық-түлік бағасының  тұрақтылығы үнемі бақылауда.  

 Сауда орнында сатылатын азық - түлік өнімдері мен ет, көкөніс пен жеміс-жидек үнемі зертханалық тексерістен өткізіледі. 10-ға жуық маман тәулік бойында қызмет көрсетуге дайын. Айтуларынша, өрескел қателіктер мен заң бұзушылықтар орын алмаған.

 Жаңғырту жобасы аясында бірінші кезекте, базар аумағындағы ретсіз саудамен айналысушыларды орналастыру көзделген. Заман талабына сай салынған нысандарда  кәсіпкерлерге барлық жағдай жасалған. Саудасын кеңейтіп, жаңадан бизнес бастаймын деушілерге де есік ашық.

 Шымкент қаласының аумағында жалпы 36 базар бар. Оның 19-ы әмбебап болса, 17-і мамандандырылған сауда орындары. Осы орайда, 19 базар қайта құрылымдауды қажет етсе, 12-і сауда орны реконструкциялау және құрылыс нормаларына сәйкес келтіру жұмыстары аяқталған. Ал, 5 базар модернизациядан өткен.