Түркияның Ыстамбұл қаласында жылсайынғы үкіметаралық комиссиясының 11-алқалы отырысы өтті.
Жиында Еуропа-Кавказ-Азия халықаралық көлік дәлізімен жүк тасымалын ұлғайтып, қызмет сапасын жақсарту жөнінде тың бастамалар көтерілді, деп хабарлайды 24.kz арнасы. Бүгінгі таңда ТРАСЕКА Еуропа мен Азия арасын 600 шақырымға қысқартқан ең тиімді көлік дәлізі ретінде танылып үлгерді. Еуропа-Кавказ-Азия көлік дәлізі әуе, кеме және автомобиль жолдары арқылы жүк тасымалын қамтамасыз етуде. Алайда күн тәртібінде жүк жеткізуді жылдамдатып, қызмет көрсетудің сапасын арттыру өзекті болып отыр. Сондықтан алқалы жиында ТРАСЕКА-ға мүше 12 мемлекеттің үкіметаралық комиссиясы техникалық ынтымақтасу жобаларын іске асыру барысын пысықтады. Эдуард Бирюков, ТРАСЕКА үкіметаралық комиссиясы тұрақты хатшылығының бас хатшысы: - Көлік дәлізінің әлеуеті зор. Жыл сайын жүк тасымалы 7-10%-ға артуда. Оның негізгі бөлігі, әрине, энергетикалық ресурстар. Жылына 70 млн тоннадан асатын жүктің 70%-ы мұнай және мұнай өнімдері болып табылады. Біз енді осы халықаралық дәліз арқылы өзге жүктердің тасымалдануына мән беретін боламыз. Қазақстан – ТРАСЕКА елдерінің ішінде жер аумағы жөнінен ең үлкен мемлекет. Оның географиялық орналасуы мен Қытаймен шектесуі халықаралық көлік дәлізіндегі әлеуетін айқындап тұр. Тоғыз жолдың торабында орналасқан Қазақстан көлік инфрақұрылымын дамытуға айрықша басымдық беруде. Мысалы, бұл салаға бөлінген инвестиция көлемі 20 млрд АҚШ долларын құрайды. Соның арқасында 2009 жылдан бері Еуропа мен Азия арасында жүк тасымалы 70%-ға дейін ұлғайды. ТРАСЕКА елдері Қазақстан ұсынған Silk Wind жобасына оң баға беруде. Өйткені бұл жоба іске қосылса, Ақтау және Баку теңіз порттары арқылы Достық/Алтынкөл-Карс бағыты бойынша жүк тасымалы 16 күннен 12-ге дейін қысқарады. Марат Садуов, ТРАСЕКА үкіметаралық комиссиясы тұрақты хатшылығының ұлттық хатшысы: - Жиында барлық ел жасаған жұмыстары жөнінде есеп беруде. Қазақстан өз кезегінде 19 мың шақырым көлік жолын жөндеп, қалпына келтірді. 1700 шақырым теміржол салынды. Мемлекет басшысының «Нұрлы жол» Жолдауына орай отандық көлік-логистика саласы жаңаша түрленетін болады. Қытайдан Еуропаға жүк тасымалын оңтайландыру үшін ТРАСЕКА-ға өз мүмкіндіктерімізді ұсынып отырмыз. Сондай-ақ бүгін Ыстамбұлда өтіп жатқан алқалы отырыста ТРАСЕКА-ның үкіметаралық комиссиясының төрағалық міндеті Тәжікстаннан Түркияға өтті. Ал жиын соңында қатысушылар Ыстамбұл декларациясын қабылдады.