23.09.2023 в 16:31

Таразда Қазақстан мен Қырғызстан Премьер-Министрлері келіссөз жүргізді

Таразда Қазақстан Премьер-Министрі Әлихан Смайылов пен Қырғызстан Министрлер кабинетінің төрағасы – Президент Әкімшілігінің Басшысы Ақылбек Жапаровтың қатысуымен қазақ-қырғыз Үкіметаралық кеңесінің 11-ші отырысы өтті.

Шағын және кеңейтілген құрамда өткен келіссөздер барысында тараптар екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелері бойынша пікір алмасты.

Екі елдің орталық мемлекеттік органдарының басшылары қатысқан Үкіметаралық кеңестің негізгі тақырыптары сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайту, суды пайдалану және энергетика саласындағы өзара іс-қимыл, өнеркәсіп пен АӨК-те кооперациялық жобаларды іске асыру, республикалардың транзиттік-көлік әлеуетін дамыту, туризм және мәдениет салаларындағы бірлескен бастамалар болды.

Әлихан Смайылов екі елдің Мемлекет басшыларының күш-жігерінің арқасында соңғы жылдары қазақ-қырғыз стратегиялық серіктестігі жаңа серпінге ие болғанын атап өтті.

«Қырғызстан біз үшін тату көрші, бауырлас ел ғана емес, сондай-ақ маңызды сауда-экономикалық серіктес мемлекет болып табылады», — деді Үкімет басшысы.

Республикалар арасында өзара тауар айналымы тұрақты түрде өсуде. 2022 жылы сауда көлемі шамамен 19%-ға ұлғайып, $1,3 млрд-қа жетті. Сонымен бірге биыл да оң динамика байқалып отыр: 7 айда тауар айналымы 13%-ға өсіп, $757 млн-ды құрады.

Сонымен қатар Премьер-Министрдің айтуынша, транзит, көлік, коммуникация, туризм және басқа салаларда ынтымақтастық дамып келеді. Өнеркәсіптік кооперация, ауыл шаруашылығы, цифрландыру салаларында жақсы перспективалар бар.

Үкімет басшысының сөзінше, осы тұрғыда бірқатар маңызды бірлескен жобаны іске асыруды жеделдету қажет. Атап айтқанда, жақын арада шекара маңындағы аумақтарда индустриялық сауда-логистикалық кешен құру жаңа кооперациялық жобаларды жүзеге асыруға ықпал ететін болады. Бұл сондай-ақ екі мемлекет басшыларының тауар айналымын $2 млрд-қа дейін ұлғайту жөніндегі тапсырмасына қол жеткізуге үлесін қосады.

Қазақстан мен Қырғызстан Үкіметтерінің басшылары екі елдің мүдделерін ескере отырып, өзара құрмет пен тату көршілікке негізделген су саласындағы тығыз өзара іс-қимылды жалғастыруға келісті.

«Біздің халықтарымыздың өміріне тікелей әсер ететін экология және суды ұтымды пайдалану саласында ынтымақтастықты дамыту аса маңызды болып табылады. Су ресурстарын әділ және ашық басқаруды қамтамасыз ету мақсатында бізге мемлекетаралық су шаруашылығы каналдарын цифрландыру арқылы тиімді мониторинг жүргізу тетігі қажет. Гидрологиялық ақпарат алмасуды, атап айтқанда, су қоймаларына келетін ағын су және бассейн бойынша су алу жөнінде ақпараттармен қамтамасыз ету маңызды», — деді ҚР Премьер-Министрі.

Үкімет басшысының пікірінше, су ресурстарын бірлесіп пайдаланудың құқықтық тетігін жетілдіру өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтуға ықпал ететін болады.

Үкімет басшысы сондай-ақ мәдени-гуманитарлық байланыстардың да белсенді түрде дамып келе жатқанын айтты.

«Қазақстанның 2021 жылы Қырғызстандағы, 2022 жылы Қырғызстанның Қазақстандағы мәдениет күндері практикалық және рухани байланыстардың дамуына оң септігін тигізді», — деді Әлихан Смайылов.

Қырғызстан Министрлер кабинетінің төрағасы – Президент Әкімшілігінің Басшысы Ақылбек Жапаров екі мемлекет басшыларының жуырдағы өзара сапарлары барысында екіжақты ынтымақтастықтың негізгі бағыттары айқындалғанын еске салды.

«Екі бауырлас халықтың игілігі үшін уағдаластықтарды ілгерілету мақсатында барынша күш салатынымызға сенімдімін», — деді А. Жапаров.

Келіссөз қорытындысында тараптар ынтымақтастықтың барлық өзара тиімді бағыттары бойынша белсенді іс-қимылды қолдауға дайын екендерін растады