02.02.2015 в 16:54

Сапарбаев Қарағандыға барды

Қазақстан Үкіметі ел Президентінің тапсырмасын орындау мақсатында экономика өсімінің қарқынын сақтау, халықты жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету үшін шаралар қабылдайды. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев Қарағанды облысына жұмыс сапары барысында мәлімдеді.

«Әрине, әлемдегі, әсіресе біздің көрші елдер экономикасында орын алған жағдай Қазақстанға әсер етпей қоймайды. Осыған қарамастан, өздеріңіз білесіздер, өткен жылы 4 пайыз көлемінде экономика өсіміне қол жеткіздік. Қазір әлемдік дағдарыс жағдайында, шығарылатын өнімге сұраныс төмендеу жағдайында біз экономика өсімінің қарқынын сақтауымыз қажет. Ел Президенті тиісті тапсырма да берді», - деді Б. Сапарбаев өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін дамыту мәселелері бойынша «Сарыарқа» ЕЭА аумағында өткен мәжілісте.

Өз сөзінде вице-премьер Президенттің «Нұрлы жол» Жолдауын іске асыру жөніндегі міндеттерге тоқталды.

Б. Сапарбаев Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін Үкімет электр энергиясына, көлік, шикізат базасын жақсартуға, қазақстандық қамтуды ұлғайтуға жеңілдік тарифтерін беру арқылы отандық тауар өндірушілерді қолдау жоспарын әзірледі.

«Бұл шаралар кәсіпорынның жұмыс істеуіне бағытталды. Ең бастысы - жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету, жұмыссыздықтың өсуіне жол бермеу. Билік пен жұмыс берушілер бірлесе отырып қоян-қолтық жұмыс істесек, нәтижесі де жемісті болатынына сенеміз», - деп атап өтті вице-премьер.

Жиын қорытындысына сәйкес, үш бағыт бойынша сомасы 57 млрд. теңгеге ынтымақтастық туралы 47 меморандумға қол қойылды, бірінші - өндірістік үрдістерді тұрақтандыру, қызметкерлердің еңбек құқықтары мен жұмысқа орналасуын қамтамасыз ету мәселелері бойынша облыс әкімдігі, жұмыс берушілер және кәсіподақтар арасындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы. Екінші - облыс әкімдігі мен ұлттық компаниялар арасындағы жергілікті қамтуды дамыту мәселелері жөніндегі ынтымақтастық туралы. Үшінші - жүйе құраушы кәсіпорындар мен Қарағанды облысының отандық тауар өндірушілері арасындағы жергілікті қамтуды дамыту мәселелері бойынша ынтымақтастық туралы.

«Нарық конъюнктурасын, энергия ресурстарына бағаның түсуін есепке алып, өндірістік үрдістерді тұрақтандыру мен еңбек құқықтары мен қызметкерлер кепілдіктерін қамтамасыз ету мәселелері аса өзекті бола түсуде. Сондықтан, Қарағанды облысы көптеген өнеркәсіптік кәсіпорындар шоғырланған елдің ірі индустриалдық орталығы болғандықтан, Мемлекет басшысының ерекше бақылауында тұр», - деп атап өтті өңір басшысы Н. Әбдібеков.

Б. Сапарбаевтың айтуынша, таяу күндері елдің барлық өңірлерінде 2000-нан астам осындай меморандумдар жасалмақ.

Қазақпарат