06.02.2015 в 14:35

Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы ашылды

Астанада өткен Қазақстан халқы Ассамблеясы жылының салтанатты ашылуы рәсімінде ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова ҚР Президенті - ҚХА Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтауын оқып берді.

"Біз осы бір жылды өміріміздегі ең маңызды құндылықтар: Тәуелсіздік, еркіндік, бірлік, Қазақстан халқының бейбітшілігі мен келісіміне арнайтын боламыз. 20 жыл ішінде ҚХА шын мәнінде жалпыхалықтық, жалпыазаматтық, саясатүсті орган болып қалыптасты, Конституциялық дәрежеге жетті", - делінген құттықтауда.

Елбасының жазуынша, бүгінде ҚХА - жалпыхалықтық өкілеттіліктің институтына, азаматтық қоғамның авангардына айналды.

"Сондықтан ҚХА жылы - біздің ортақ мерекеміз, барлық 17 млн. қазақстандықтың ортақ ісі, әрбір азамат еліміздегі бейбітшілік пен туған жеріміздегі келісім алдындағы жауапкершілігін толық сезінуі тиіс", - дейді Елбасы.

Қазақпарат