09.02.2015 в 14:15

Елбасы қорғаныс және қаупсіздік саласының басшыларын қабылдады

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Президенттің көмекшісі – Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Нұрлан Ермекбаевпен және Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қарулы Күштер Бас штабының бастығы Сәкен Жасұзақовпен кездесті, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Кездесу барысында Қарулы Күштердің қазіргі жағдайы, олардың жауынгерлік қабілетін арттыру, сондай-ақ заманауи әскери техникамен және қару-жарақпен қамтамасыз етілу мәселелері талқыланды.

Қазақстан Президенті елдің қорғаныс өнеркәсібі кешенін және әскери-техникалық ықпалдастықты одан әрі дамыту, әскери қызметшілердің кәсіби дайындығын ұдайы жетілдіру қажеттілігіне назар аударды. Кездесу қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы бірқатар нақты тапсырмалар берді.