09.02.2015 в 15:38

Қазақ Хандығының 550 жылдығы қашан, қайда, қалай аталып өтеді?

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақ Хандығының 550 жылдығын атап өту туралы ұсынысы жалпыхалықтық қолдауға ие болып, еліміздің түкпір-түкпірлерінде маңызды датаны атап өтуге арналған шаралар басталып кетті.

Қаңтар айының өзінде бірнеше отырыстар өтіп, шараны өткізу жоспарлары талқыланды. Ғалымдар мен қоғам қайраткерлері ұсыныстарын білдіріп, ойларын ортаға салды.

Нәтижесінде шаралар барысы пысықталып, жалпыхалықтық деңгейде атап өтуге арналған жоспар бекітілді. Назарларыңызға мемлекет тарапынан бекітілген жоспарда өтетін бірқатар шаралар легін ұсынамыз.

Наурыз

 

Мәдениет және спорт министрлігі және Сыртқы істер министрлігінің қолдауымен Қазақ Хандығының 550 жылдығын насихаттауға арналған "Алтай-Дунай" экспедициясы ұйымдастырылады. Экспедиция өз жұмысын Шығыс Қазақстан облысынан бастап Мажарстан еліне дейін жалғастырады.

Сәуір

 

Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен Түркістан қаласында "Қазақ Хандығының құрылуындағы Түркістан қаласының рөлі" атты ғылыми-теориялық конференция өтеді.

Маусым

 

Алматы қаласындағы М.Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық драма театрында "Керей – Жәнібек" спектаклінің премьерасы өтеді. Тарихи тұлғалардың рөлін көрсететін бұл қойылым 27-маусым күні өтеді деп жоспарланған.

Шілде

Ұлттық банк Өскемен қаласында Қазақ Хандығының 550 жылдығына арнап ескерткіш монеталарды жарыққа шығарады.

Тамыз

Шығыс Қазақстан облысының ең көрікті мекені – Қатонқарағай жерінде "Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі" атты халықаралық форумы өтеді. Форумды ШҚО әкімдігі ұйымдастырмақ.

 

Тамыз

Батыс Қазақстан облысының орталығы Орал қаласында республикалық ақындар айтысы өтеді. Шараны БҚО әкімдігі ұйымдастырады.

Айта өтейік, Қазақ Хандығының 550 жылдығына арналған әр айдағы шаралар мұнымен шектелмейді. Әр айдың өзінде бірнеше конференциялар мен экспедиция жұмыстары, ақындар айтысы, спорттық шаралар ұйымдастырылады.

baq.kz