10.02.2015 в 10:13

Әлемдік экономикаға қатер төнді - Қытайдың қаржы министрі

Әлемдік экономика 2015 жылы қиын жағдайға тап болып, үлкен қатерлермен бетпе бет келеді. Бұл туралы Қытайдың қаржы министрі Чжу Гуанъяо мәлімдеп, әлем елдерін бірлесе қимылдауға шақырды.

Ыстамбұлда өткен халықаралық экономикалық форумда Ч. Гуанъяо Халықаралық валюта қоры экономикалық өсімді болжауында 2015 жылы 3,8 пайыздан 3,5-ке дейін түсіргенін атап өтті. "Бұл дегеніңіз әлемді үлкен қатер күтіп тұр дегенді білдіреді. G-20 елдері жаңа экономикалық дағдарысқа қарсы бірлесіп күресуді ойластыру қажет"  деді.

Ол өз сөзінде әлемдік экономиканың дамуына кедергі келтіріп тұрған бес себепті атап өтті. Оның айтуынша, дамыған елдердің валюталық саясаты әлемдік капиталдың тұрақсыздығына әкеліп, халықаралық валюта нарығына нұқсан келтіреді. Мұнай мен күнделікті тұтынатын тауарларға сұраныстың азаюы әлемдік экономикаға қиындық туғызады. Сондай-ақ, бұл дағдарысқа еуропалық аймақтың экономикалық ауыр халі, Украина дағдарысының да ықпалы зор екенін атап өтті.

Чжу Гуанъяо қытай экономикасы жоғары деңгейден орташа-жоғары деңгейге түскенін, соған қарай экономикалық құрылымдарда оңтайландыру мен модернизациялау байқалып отырғанын мәлімдеді.